«Қыркүйек айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 8,3 пайызға дейін баяулады. Есте болса, тамыз айындағы көрсеткіш 8,4 пайыз болған еді. Негізінен ол азық-түлік компонентінің дезинфляциясынан пайда болды. Азық-түлік бағасының өсуі тамыздағы 5,5%-тен қыркүйекте 5,1%-ке дейін баяулады. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 7,7%-тен 7,6%-ке дейін бәсеңдеді. Ақылы қызметтер инфляциясы шілдедегі ең жоғары мәндерден (14,5%) төмендеп, екі ай қатарынан 13,6% деңгейінде қалыптасты. Жалпы сервистік инфляцияға тұрғын үй коммуналдық қызметтер құнының өсуі мен бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы айтарлықтай үлес қосты», — деді Тимур Сүлейменов.
Оның дерегінше, қыркүйекте айлық инфляцияның динамикасы 0,4-ке дейін төмендеді. Алайда, ол орташа тарихи мәндерден біршама жоғары болды да, 0,3% деңгейінде қалыптасты. Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіштері шілдеде айтарлықтай жеделдегеннен кейін баяуласа да, көктем мен жаз басындағы ең төмен мәндерден әлі де жоғары. Яғни, инфляциялық үдерістер тұрақты төмендеп отыр деп айтуға әлі ерте.
«Сонымен бірге, жекелеген көрсеткіштер өндіріс шығындары есебінен бағаларға қысым артқанын көрсетеді. Осылайша, ауыл шаруашылығында, азық-түлік өндірісінде және тауарлар импортында бағалардың өскені байқалып отыр. Қыркүйекте халықтың инфляциялық күтулері 14,1%-ке дейін өсті. Тамыз ол 13,1% болған еді. Респонденттер азық-түлік, аяқкиім мен киім-кешек және коммуналдық қызметтер бағасының өскенін атап өтті. Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары болашақ инфляцияға баға бергенде байыпты ұстанымда. Олардың бағалауы бойынша ол жыл соңына дейін 8,4%-ды құрайды. Бұл да өсімді көрсетеді, себебі бұрын олар 8% шамасында күткен болатын», — деді ҰБ төрағасы.