Инклюзивті білім беру жүйесін дамытуда қандай кедергілер бар

Фото: "Болашақ" корпоративтік қоры

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі білім беру деңгейінің қарқынды дамуы нәтижесінде инклюзивті білім беру мәселесіне ерекше назар аударылып келеді. Жалпы білім беру процесінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндік қамтамасыз етіліп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс» екенін айтып, еліміздегі әр жасөспірімнің сапалы білім алу құқығын толық жүзеге асыруға басымдық берді және инклюзивті білім берудің маңыздылығын айқындаған еді.

Бұл тұрғыда Оқу-ағарту министрлігінің мәліметтеріне тоқталсақ, 2024 жылдың қортындысы бойынша республика мектептерінің 90 пайызында инклюзивті білім беруге қолайлы жағдай қамтамасыз етілген. Осы бағыттағы қадамдар мүгедектігі бар балалардың білімін шыңдауға, әлеуметтік бейімделу мүмкіндігін кеңейтуге септігін тигізіп жатыр. Қазақстандағы инклюзивті білім берудің жан-жақты дамуы әлеуметтік тұрақтылық пен әділеттілікті нығайтуда аса маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.

Жалпы, білім саласының бұл бағытында қол жеткен жетістік баршылық. Алайда, дамуды тежейтін негізгі факторларды талдап келгенде, әлі де шешілмеген мәселелер бар екені байқалады.

Елімізде инклюзивті білім беру жүйесі мемлекеттік заң негізінде қорғалған, сондай-ақ Президенттің ерекше бақылауында тұр. Кейінгі жылдары мүгедектігі бар жандарға білім беру бойынша тиісті нормалар қабылданды. Олар ерекше білім беру тәсілдерін қажет ететін оқушылардың тек оқу және білім алу дағдыларын ғана дамытпай, когнитивті ойлау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ қоғамда жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағымды әсерін тигізеді.

Фото: Bolashak Charity қоры

Ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беру сапасын арттыру мақсатында еліміздің мектептерінде тиісті қолдау кабинеттері жұмыс істеп тұр. Ондағы психологтер, арнайы және әлеуметтік педагогтер, сондай-ақ педагог-ассистенттер балалардың мектеп ортасына бейімделуіне көмектеседі. Инклюзивті білім беру аясын кеңейту үшін әрбір білім беру ұйымында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері құрылды.

Тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен, әзірге балалардың қажеттіліктерін толық қанағаттандыру мүмкін болмай тұр. Көп жағдайда орталықтар мен кабинеттерде балаларға арналған жұмыстың сапасына, көлік мәселесіне қатысты уәж бар. Сондай-ақ шалғай аудандар мен ауылдардағы инфрақұрылымның төмен деңгейі инклюзивті білім беру жүйесінің сапасын нашарлатып отыр.

Ата-ана көзқарасы да екіге бөлінген. Бірі инклюзивті білім беруді еш күмәнсіз қолдаса, енді бірінің баласын мектеп қабырғасында өз бетінше оқытуға әлі де батылы жетпейді. Атап айтқанда, ата-ананың гиперқамқорлығынан мұғалімдер үстінен түсетін шағым көбейіп, ата-ана мен мұғалім арасындағы психо-эмоционалдық байланыс ушығады. Бұл мұғалімнің жұмыс істеу қабілетінің төмендеуіне әкеледі, яғни инклюзивті білім берудің тиімділігіне теріс әсер етеді. Сондықтан ата-аналарға да психологиялық қолдау көрсету - өте маңызды тетік.

Иә, инклюзивті білім беру жүйесін дамытуда, ең алдымен мектептер мен білім беру ұйымдарындағы инфрақұрылымды жақсарту және қосымша қаржыландыруды арттыру қажет. Сонымен қатар, осы бағытта жұмыс істейтін кадрлардың біліктілігін арттыру, арнайы курстар мен семинарлардың сапасын күшейту керек. Алайда, ата-ана өз баласын мектепке беруге дайын болмаса, бұл шаралардың тиімділігі болмайды.

«Көпшілік өз құқығын білмейді»

Autism Kazakhstan Ұлттық қауымдастығының төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Нүрия Балтабайқызының айтуынша, ата-аналар психологиялық тұрғыда көмек алу мәселесі бойынша жиі жүгінеді.

- Сонымен қатар, «балабақша қабылдамайды, мектеп қабылдамай жатыр», «қайда барамыз?», «не істейміз?» деген сұрақтар көп қойылады. Көпшілігі өз құқықтарын білмейді, құқықтық сауаттылық деңгейі төмен.

Мүгедектікті растау кезінде көптеген қиындықтар туындайды.

Стационарға жатқызу мәселесінде де проблемалар бар. Психоневрологиялық диспансерлердің мәселесі өте көп, бұл - медицина саласына қатысты күрделі проблема.

Біз инклюзивті білім беру туралы жиі айтамыз, бірақ медицина саласында әлі де шешілмеген өткір мәселе жеткілікті. Балалар психиатриясы әлі де кеңестік кезеңнен қалған жүйе бойынша жұмыс істейді, заманауи дамыған елдердің тәжірибесіне сәйкес толық жаңартылмаған. Біз сол елдердің тәжірибесіне қарап үміттенеміз, бірақ әзірге кеңестік көзқарастар сақталып отыр, - деді Н. Балтабайқызы.

Фото: Нүрия Балтабайдың жеке мұрағатынан

Ең үлкен мәселенің бірі – 18 жастан кейінгі жағдай. 18 жасқа толғаннан кейін көптеген бала үйде отырып қалады. Жәрдемақы да тоқтайды.

- Ата-аналар бізге дәл осы 18 жасқа дейінгі және 18 жастан кейінгі мәселелер бойынша жиі жүгінеді. Бірақ біз қоғамдық ұйым болғандықтан (үкіметтік емес ұйым), біздің құзыретіміз бен өкілетіміз шектеулі. «Аутизм Қазақстан» қауымдастығы осы мәселелерді көтеріп келеміз, бірақ оларды тек жүйелі түрде, мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Барлық ресурсты біріктіріп, жүйелі түрде жұмыс істейтін ұлттық немесе ресурстық орталық деңгейінде шешім қабылданса ғана нақты нәтиже болады, - деді сарапшы.

Инклюзивті білім беру саласындағы мәселелердің бірі - педагог мамандар жетіспейді. Логопед, дефектолог, психолог сияқты мамандар аз.

- Өзім де ерекше баланың анасымын. Қызымда аутизм бар, қазір 13 жаста. Әрине, елімізде тиісті заңдар бар, инклюзивті білім беру бойынша бұйрықтар да қабылданды. Бірақ шынайы өмірге келгенде, жағдай әлі толық қалыпқа түспеген. Себебі сөйлемейтін балалар да, сондай-ақ мінез-құлық және менталды тұрғыда бағыт-бағдар беруді қажет ететін балалар да көбейіп келе жатыр. Бұл балаларға басқа мамандар керек. Тек педагогика, психология, дефектология жеткіліксіз. Мысалы, балабақшадан бастап ерте диагностика қажет дейміз, бірақ Қазақстанда ерте диагностика жүйесі тиісті деңгейде емес, - дейді Нүрия Балтабайқызы.

Фото: Нүрия Балтабайдың жеке мұрағатынан

Оның сөзіне қарағанда, АВА-терапия мамандары (мінез-құлық талдаушысы), сенсорлық интеграция мамандары, АФК мамандары өте қажет. Қазақстандағы мемлекеттік білім беру жүйесінде осы бағыттағы озық әдістер мүлдем жоқ. Сондықтан жүйелі шешімдерге ерекше екпін қою керек.

- Қазіргі таңда ата-аналар баласында ерекшелік бар екенін анықтаса, көбіне тек ПМПК арқылы (білім басқармасына қарайтын комиссия) жолдама алады. Жолдама бойынша үш айлық түзету қызметіне бара алады: аптасына үш рет, бір сағаттан. Әрине, бұл мүлде жеткіліксіз. Мұндай көлем балаларға тиімсіз деуге болады.

Кей өңірде осы мәселе ведомстволар арасында бөлініп кетеді: бір жерде оқу-ағарту саласына, бір жерде әлеуметтік қорғау саласына қарайды. Ол жақта да жүйе толық емес. Өз тәжірибемнен білемін, бала түзетуге (коррекция) тек жеке қаражат есебінен ғана тұрақты бара алады. Неге бұны айтып отырмын? Ерте жастан түзету мүмкіндігі жеткіліксіз болғандықтан, ерекше балалар мектепке барғанда қиындық көбейеді. Жүйе дұрыс құрылуы керек. Мектепте педагог-ассистент міндетті түрде болуы керек, бірақ олардың көпшілігінде арнайы білім де, қажетті дағдылар да жоқ. Себебі олар арнайы оқымайды, - деді ол.

Жалпы инклюзивті білім беру тек бір министрлікке ғана қатысты емес. Бұл жерде ведомствоаралық, жүйелік, кешенді қолдау қажет. Өкінішке қарай, әзірше ол жоқ. Сондықтан инклюзивті білім берудегі мәселе қайта-қайта көтеріліп жатыр.

Тағы бір мәселе - мектептен кейін балалар көбіне үйде қалады. Колледждер де оларды қабылдай бермейді, өйткені жүйе қалыптаспаған, осы санаттағы балалармен жұмыс істей алатын педагогтер жоқ. Мамандыққа оқымаған соң, олар үйде отырады, яғни жұмысқа тұруы да қиын.

Сондықтан қауымдастық мемлекеттік органдар арасында өзара байланысты күшейтуді, онда аутизм бойынша Ұлттық ресурстық орталық құруды ұсынады. Бұл орталық:

  • озық шетелдік тәжірибені Қазақстанға енгізуге,
  • нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге,
  • нақты әдістемелік нұсқаулықтар әзірлеуге,
  • қоғамды ақпараттандыруға,
  • инклюзивті білім беру мен инклюзивті қоғамды дамытуға,
  • медицина, әлеуметтік қолдау, білім беру, жұмысқа орналастыру және кәсіби даярлау мәселелерін кешенді түрде шешуге ықпал ете алар еді деп пайымдайды.

- Көп жағдайда ата-ана ақпаратты түрлі чаттан немесе интернеттен іздейді. Алайда ол ақпарат әрдайым дұрыс бола бермейді. Қазір алаяқтар, псевдо-мамандар көбейіп кетті. Олар «ғажайып ем», «керемет нәтиже», «аутизмді толық емдейміз» деген жалған жарнамаларды әлеуметтік желілерде белсенді таратып отыр, - деді сарапшы.

Пайымдауынша, егер ұлттық ресурс орталығы құрылып, арнайы ресми сайт немесе портал ашылып, ғылыми дәлелденген әдістемелер туралы ақпарат ұсынылса, сондай-ақ балалар мен ата-аналарға арналған психологиялық қолдау орталықтары Қазақстанның әр өңірінде ашылса, жағдай әлдеқайда жеңіл болар еді.

Фото: Bolashak Charity қоры

Елде қанша арнайы педагог жетіспейді

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше,арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаудың көрсетілуіне бақылауды мектеп әкімшілігі білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің Қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

Мектептермен қатар арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерін арнайы білім беру ұйымдары ұсынады.

Елімізде 238 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 12 аутизм орталығы, 14 оңалту орталығы жұмыс істейді.

- Жалпы, мүмкіндігі шектеулі балалардың 90 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған, - делінген Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінде.

Ұлттық білім беру дерекқоры мәліметі бойынша білім беру ұйымдарында 11 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істеп жатыр, алайда әлі де 2,3 мың педагог қажет.

Мамандарды даярлау 17 жоғары оқу орнында жүзеге асырылады. Жыл сайын арнайы педагогтерді даярлауға арналған мемлекеттік гранттар саны артып келеді. Мәселен, 2024 жылы - 656 грант, 2025 жылы 819 грант бөлінді.

- Бүгінде заңнаманы жетілдіру аясында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту», «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Педагог-психолог» бағыттары бойынша педагогикалық білімі бар мамандарды «Арнайы педагогика» деңгейінде қайта даярлау мүмкіндігін көздейтін норманы енгізу қарастырылып жатыр, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Атап айтқанда, кадрлармен қамтамасыз етуді қоса алғанда, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау жөніндегі нысаналы индикаторлар 2023-2029 жылдарға арналған білім беруді дамыту, 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат, 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамаларында көзделген.

Жалпы, білім беру ұйымдарын, оның ішінде сенсорлық бөлмені материалдық-техникалық жарақтандыруға қойылатын талаптар мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларымен реттелген.

Аружан Жәнәділ