Инклюзивті қоғамға бір қадам: қант диабеті бар Барби шықты
АСТАНА. KAZINFORM — 9 шілде күні Mattel компаниясы Barbie Fashionistas инклюзивті топтамасынан жаңа қуыршақты — 1-типтегі қант диабеті бар Барбиді таныстырды.
Жаңа қуыршақтың басты ерекшелігі — қант диабетімен өмір сүретін адамдар қолданатын медициналық құрылғылардың болуы: инсулин помпасы, қант деңгейін үздіксіз бақылау жүйесі (CGM) және Барбидің фирмалық белгісі — қызғылт жүрекше түріндегі арнайы медициналық бекіткіш. Қуыршақтың қолында қандағы қант деңгейін бақылауға арналған қосымшасы бар смартфон бар.
Компания өкілдерінің айтуынша, нүктелі көйлек киген Барби қант диабетінен хабар береді. Бұл — аурудың халықаралық белгісі болып табылатын шеңбер мен оның символына айналған көк түстің үйлесімі.
— 1-типтегі қант диабеті бар алғашқы Барби қуыршағымен танысыңыздар! Біз бұл қуыршақты осы қауымдастыққа арнап жасау үшін Breakthrough T1D (бұрынғы JDRF) ұйымымен серіктестік орнаттық, — делінген өнімнің ресми сипаттамасында.
Жаңа Барби — 2019 жылдан бері дамып келе жатқан Barbie Fashionistas топтамасының жалғасы. Бұл топтамада сонымен қатар Дауна синдромы бар қуыршақтар, мүгедектер арбасындағы қуыршақтар, ақ таяқшамен жүрген зағип қуыршақтар, сондай-ақ түрлі тері реңктері, дене пішіндері және шаш текстурасы бар қуыршақтар бар.
Fashionistas топтамасы балаларға әртүрлі жарқын образдарды ұсынуға және өзін-өзі көрсетуге, өзін қабылдауға, өзгелерге құрметпен қарауға шабыт беруге бағытталған. Қуыршақтар 3 жастан бастап балаларға арналған және шектеулі тиражбен шығарылады. Әр қуыршақ жеке сатылады.
Еске сала кетейік, кейінгі күндері Қытайдың танымал ойыншық бренді Labubu-ға байланысты жаңалықтар әлеуметтік желілерде ғана емес, қаржы нарығында да қызу талқыға түсті. Қоғамда үлкен қызығушылық тудырған бұл брендтің айналасындағы жағдай күрт өзгеріп, оған қатысты акциялар бағасы күрт құлдырады.