Инновациялық автобусты аттандырудағы мақсат - NIF$50K инновациялық бизнес-жоспардың республикалық конкурсы туралы халыққа кеңінен насихаттау, инноваторларды әлгіндей ілкі қадамға қатысуға шақыру, сондай-ақ қазақстандықтарды «Инновациялық форсаж» телешоуын тамашалауға қызықтыру арқылы өздеріне ұнаған инноваторларға, ұнаған жобаларына дауыс беруге шақыру.
Бұл ретте автобуспен бірге сапарға шығып, ел аралайтын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Технологиялық даму жөніндегі агенттігінің сарапшылары, бизнес-қауымдастық өкілдері, журналистер өңірлердегі инновация авторларымен тікелей жүздесіп, жаңалық ашуға жаны құмар азаматтардың идеяларын тыңдайды, олардың мүмкіндіктерін саралауға жол ашады. Ал кездесулер барысында әрбір ғалым өздерінің өнертабыстарын таныстыруға мүмкіндік алады. Ең бастысы, аталған шара арқылы бірінші рет инноваторлар ешқайда шықпай-ақ республикалық конкурсқа қатысу туралы тапсырыс бере алады. Бұл ретте инновациялық автобус оны өзі іздеп барады. Сонымен қатар, өнертапқыштар агенттік тарапынан жасалатын құрал-саймандық қолдау, инновациялық грант, технологиялық бизнес-инкубация бағдарламалары бойынша кеңестер ала алады. Өз кезегінде инновациялық автобустағы түсіру тобы өнертапқыштардың жаңалықтарын толық түсіріп, ол күзде өтетін «Инновациялық форсаж» бағдарламасында көрсетілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, алдағы уақытта инновациялық автобус Петропавл, Қ, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Атырау, Ақтау қалаларына да жолға шығатын болады. Олардың сапарлық кестелері дайын.