Инновациялық дамуда энергетика маңызды орынға ие - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры

АЛМАТЫ. 31 қазан. ҚазАқпарат - Алматыда «Энергиялық тиімді технологиялар: заманауи тенденциялар және даму келешегі» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр. Оны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жоғары технологиялық, энергиялық тиімділік және инновациялық компаниялар қауымдастығымен (КАВЭИК) бірлесіп ұйымдастырып отыр.

«Инновациялық дамуда энергетика маңызды орынға ие. Бүгінгі ғылыми жиында дәстүрлі энергия көздерімен қатар, жел, күн сияқты балама энергия көздерін дамыту мәселелері қарастырылуда. Сонымен бірге оларды табу жолы, техникасы ғана айтылып қоймай, мамандар оларды қалай жүзеге асыру керектігі жөнінде өз ойларымен бөлісіп, жобаларын ұсынып отыр. Сол жобалардың кем дегенде бір-екеуі өз жемісін беріп, табыс келтірсе, конференция өз мақсатына жетті деп білеміз», - дейді  републикадағы жетекші жоғары оқу орнының ғылыми-инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры Тілекқабыл Сәбитов. Оның айтуынша, конференция барысында КАВЭИК базасында энергиялық тиімділік бойынша сайт пен Қазақстандағы  энергиялық тиімді технологиялар мен қызметтер мәліметтер қорын құру мәселесі қаралмақ.