«Инновациялық форсаж» ұйықтап жатқан жүректерді оятады - реалити-шоу

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат -  Қазақстанда жыл сайынғы NIF$50K республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар байқауы басталды.

Байқауды ұйымдастырушы - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен «Технологиялық даму бойынша Ұлттық агенттік» АҚ. Байқауға инновациялық жобасы бар кез келген қазақстандық қатыса алады. 1 қыркүйекке дейін тіркеліп, жобасын ұсынған өнертапқыштарды бәсеке-байқау ғана емес, қызықты сын-сапар күтіп тұр.

Біріншіден, жоба аясында «Инновациялық форсаж» атты реалити-шоу түсіріледі. Еліміздегі ең танымал арналардың бірінен берілетін бұл бағдарламада өнертапқыштар өз жобаларын қорғап қана қоймай, біраз тәжірибе жинамақ. Өнертапқыштар идеясын жүзеге асыруға кәсіби мамандар тобы көмектесіп, жағдай жасайтын болады. Кеңесшілер мен бизнес-жаттықтырушылар инновациялық кәсіпкерліктің қыр-сырын әңгімелеп, қызғылықты тренингтер өткізіп, тәжірибесімен бөлісуге барын салмақ. Реалити-шоу барысында қара үзіп шығып, бас бәйгені еншілеген өнертапқыш 7,5 млн. теңгені еншілейді. Ал сайысқа түсіп, өз жаңалығының қоғамға қажеттілігіне, өзектілігіне сендіре алған, көрермен қызығушылығын тудырғандар әлеуетті инвесторлардың назардан тыс қалмайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба ең алдымен жас ғалымдар, талантты өнертапқыштар мен келешек кәсіпкерлерге үлкен сынақ алаңының рөлін атқармақ. Ал оның телевизиялық нұсқасы бүкіл республикаға инновациялар саласындағы бірегей бизнес-жобаларды насихаттайды. Әрине, «Инновациялық форсажды» көрген әр кәсіпкер өміршең идеялардың демеушісі болуға ниет білдіруі әбден мүмкін. Ең бастысы, байқау өнертапқыштың өзін замануи нарық заңдылықтарына сай әбжіл кәсіпкер болуға, бизнес-жоспарын дәлелдей білуге тәрбиелейді. Алтын кездік қап түбінде жатпайтыны сияқты, байқауға қатысқан әр лайықты жоба қаржылық қолдауға ие болатыны кәдік. Сондай-ақ, бұл жобаны қазір аса өтімді реалити-шоу форматында ұсыну өнертапқыштар мен инновацияларға қоғам қызығушылығын оятады деп күтілуде.

Жоба жекелеген өнертапқыштарға ғана емес, қоғамның жалпы инновацияларға деген қызығушылығын, ал халықтың инновациялық белсенділігін арттыру үшін қажет. Неге десеңіз, дамыған мемлекеттерде халықтың инновациялық белсенділігі 70-80 пайызды құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 пайыздан әзер асып тұр. Әзірше Қазақстан халқы «инновациялық ойлауға» дағдыланбаған. Отандық оқу орындарында да мұндай дағды санаға сіңірілмейді. «Инновациялық форсаж» осы олқылықтың орнын толтырып, «ұйықтап жатқан жүректерді ояту» үшін қызмет етпек.

Айта кету керек, NIF$50K сипатындағы алғашқы байқау 1990 жылы АҚШ-та ұйымдастырылған. Оған мұрындық болған - Массачусетс технологиялық институты. «MIT$50k BUZINESS PLAN COMPETITION» деп аталған сол байқаудан кейін, көптеген елдер бұл идеяны іліп әкетіп, өз қажетіне жаратқан. Бүгінде бұл байқау әлемнің 49 елінде өтіп, кәсіпкерлік және инновациялық қызметті насихаттап келеді.

Қазақстан үшін де бұл жобаның өзектілігі күмән тудырмайды. Елімізде осы бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылданып, оларды іске асыру жұмыстары басталып та кетті. Дегенмен бұл салаға мемлекеттің ықыласы мен назары әлі де арта түсетін сыңайлы. Салыстырмалы түрде алсақ, соңғы жылдары Қазақстанда инновациялық жобаларға бөлінген қаражат Жалпы ішкі өнімнің 0,25 пайызын құрапты. Бұл көрсеткіш Финляндияда ЖІӨ-нің 3,49 пайызы, Кореяда - 3,64 пайыз, АҚШ-та - 2,6 пайыз, ал Қытайда - 1,44 пайыз. Яғни, инновацияларға жекеменшік сектор орасан қолдау көрсететін аталған мемлекеттер бұл салаға қаражат аямаса, Қазақстан үкіметі жеке кәсіпкерлікке дендей қоймаған өнертапқыштық қолдауға зәру екендігін түсініп отыр. Әрі Елбасы Н.Назарбаевтың бұл саланы ерекше назарда ұстап отырғаны да баршаға мәлім.

Қош, сонымен, бір кездері трактористер мен сауыншылар, қойшылар мен шахтерлер өз заманының «жұлдыздары» болды. Қазір уақыт өзгерді. Шындап келгенде, бүгінгі күннің кейіпкерлері - өнертапқыш инноваторлар болуға керек. Қазақстандықтар жаңалық жасауға ұмтылуы қажет. Ол үшін мемлекет NIF$50K сияқты жобалармен жаңаша ойлауға, ізденуге ынталандырып тұрса құба-құп. Өйткені түптің түбінде бұл байқау қоғам санасына қозғау салуды көздесе керек.

NIF$50K республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар байқауы туралы толық ақпаратты http://nif50k.innovus.kz және www.nif.kz мекен-жайларынан біле аласыздар.