Инновациялық гранттарды ұсынуға негізделген өтінімдер өнертапқыштардан 28 шілдеге дейін қабылданады

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Инновациялық гранттарды ұсынуға негізделген өтінімдер қазақстандық өнертапқыштардан 28 шілдеге дейін қабылданады. Бұл туралы бүгін Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамбет Әбдібеков мәлім етті.

«Бұл бағдарлама 2010 жылдан бері іске асырылып келеді. Өткен жылы осы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінді. Осы қаржы аясында грант түрінде 37 инновациялық өтінімге қолдау жасалды. Бүгінде бұл грантар бойынша жұмыстар жүріп жатыр»,-деді вице-министр.

Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен тәуекелді зерттеулерді орындауға, инновациялық жобалардың техникалық-экономикалық дайындығына, интеллектуальдық меншік нысанын шетелдік мемлекеттер мен халықаралық патенттік ұйымдарда патенттеуге бағытталған.

Н. Әбдібековтың сөзіне қарағанда, биылғы жылы гранттық бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 7,3 млрд. теңге бөлінді. «Қазіргі кезде өтінімдерді қабылдау шаралары атқарылуда. Гранттарды ұсынудың ережесіне сәйкес өтінімдерді қабылдау бір айға жалғасады. Атап айтсақ, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ өтінімдерді 28 шілдеге дейін қабылдайды»,-деді ол.