Инновациялық-индустриялық жаңғыру ? Қазақстан дамуының тарихи қадамы болмақ
18:29, 22 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгінгі әлем мемлекеттері аса бір тарихи кезеңдерді бастан кешіріп отыр. Өйткені АҚШ-тан басталған қаржы дағдарысы энергетикалық, азық-түліктік күйзеліске ұласқалы бері дүние елдерінің «қиыннан қиыстырып жол салуына», экономикалық дамудың «жаңа парағын» ашуға мәжбүрлеуде. Оның үстіне бүгінгі дағдарыс бұрын-соңды болмаған жаһандық деңгейді қамтып,
созылмалы «ауруға» айналып келеді. Сондықтан да, әрбір мемлекет тарапынан дағдарысқа қарсы тұру, оның салдарын еңсеру үшін тарихи қадамдар жасау күтіледі. Ал дағдарыс соққысын еңсере бастаған қазіргі Қазақстанның бұндай тарихи қадамы алдағы бес жылға жоспарланған ? инновациялық-индустриялық даму тұрғысынан айқындалып отыр.
Жалпы, бұған дейін халықаралық сарапшылар әлемдік күйзеліс турасында негізінен пессимистік болжамдарға көп жүгінсе, соңғы уақытта дағдарыс шегі жөнінде (оның ішінде биылғы жыл соңына қарай жағдай жақсаратыны туралы) бірқатар жағымды жаңалықтар құлаққа шалына бастады. Әрине, ресми көріністерге әлі ертерек. Дегенмен, жағымды болжамның айтыла бастауының өзі әлем мемлекеттерінің салмақты түрде дағдарысқа қарсы шараларды жүргізе бастағанын айғақтаса керек. Соның ішінде Қазақстан да дағдарысқа қарсы күресте өзіндік жолымен ерекшеленіп отыр. Халықаралық сарапшылар ТМД мемлекеттері арасынан біздің елімізде қабылданған іс-шараларға оң баға беруде. Сондықтан да, жұрт болып жұмыла түссек, дағдарыспен бірінші боп кезіккен Қазақстан басқа елден бұрын шығып кетуі, тіпті өзі мақсат қойып отырғанындай ысылып, жаңарып шығуы кәміл. Яғни, бүгінгі Қазақстан бұған дейінгі қарқынды өсуге қатысты әзірлеген даму бағдарламасын кейінге ысырып, қиындықтарды еңсеруге барлық күшті жұмылдыра білді. Сонымен бірге, Үкіметтің әлемдік дағдарысқа қарсы бағдарламалары да оң нәтиже көрсете бастады. Ендігі кезекте Қазақстан дағдарыс салдарымен күресті емес, дағдарыстан кейінгі күн көріс қамын ойлайтын дәрежеге жетті. Мұндай Қазақстанның дағдарыстан кейінгі серпінді секіру жоспарының базалық қағидаттарын Мемлекет басшысы өткен аптадағы «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде жариялаған болатын. Яғни, дағдарыстан кейінгі кезеңдегі Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуы жеті бағыт ? аграрлық секторды жаңғырту, құрылыс индустриясын, мұнай өңдеуді және мұнай-газ инфрақұрылымын, металлургияны және дайын металл өнімдерін шығаруды дамыту, сондай-ақ химия, фармацевтика және қорғаныс өнеркәсібін, энергетиканы, көлік және телекоммуникация инфрақұрылымын жедел дамыту бағыттары бойынша жүзеге асады. Елбасылық жоспар бойынша келер 2010 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан өзінің индустриялық-инновациялық жедел даму бесжылдығын бастайтын болады. Бұл мақсатта Үкімет жанындағы Экономиканы жаңғырту жөніндегі комиссия екі ай мерзім ішінде 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстанды индустрияландыру картасын әзірлеуге кірісті.
Елбасы айқындаған алдағы жылдардың даму бағыты, сондай-ақ экономиканы жаңғырту міндеті осы аптадағы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен Қазақстан кәсіпкерлерінің конгресінде кеңінен талқыланды. Яғни, Елбасы жүктеген жаңа міндеттерден кейін Үкімет пен бизнес қауымдастығы арасында ашық әңгіме өрбіді. Жиында сөз сөйлеген кәсіпкерлер, Қазақстанның бизнес қоғамдастығы ел Президентінің инновациялық индустрияландыру және дағдарыстан кейінгі даму жөніндегі тапсырмаларын асқан жауапкершілікпен қабылдайтындарын атап көрсетті. Яғни, Үкімет пен бизнес ендігі күні бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға кіріседі. Жалпылама алғанда Үкімет бизнес ортамен сындарлы байланыс орнату арқылы елдің дамуын арттыруға қатысты алғышарттардың барлығын қалыптастырып үлгерді деп айтуға негіз бар. Мәселен, дағдарысқа қарсы Үкімет ұстанған саясаттың басым бағыты отандық бизнесті қолдауға арналды. Бұнда ең бастысы экономикалық қиындық кезеңінде кәсіпкерлерге жеңілдіктер ұсыну (жеңілдетілген несие, мораторий жариялау, салықтық жеңілдіктер) ғана емес, шағын бизнесті құруға негіз жасап, артық болып табылатын әкімшілік кедергілер де кесіп тасталды. Осының нәтижесінде бүгінгі күні 116 млрд. теңгені құрайтын келісім жасалып, 2 мың 357 бизнес-жобалар мақұлданды. Ендігі кезек кәсіпкерлер тарапынан жаңа туған мүмкіндіктерді сәтті пайдаланып, индустрияландыру бағдарламасына өз үлестерін қосу болып отыр.
Конгреске қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру арқылы Қазақстан жаңа сынақтарды лайықты еңсеріп, экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру және бизнесті қайта құрып, әртараптандыру үшін қазіргі жаһандық қатерлерді пайдалана алатынын айтып, реті келген тұста өз ойларын да ортаға салып өтті. Сонымен бірге, жиын барысында Үкіметтің «Өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру картасына» қатысты мәселелер де сөз болды. Тоқтала кететін жайт, ресурстары бар инвестициялық жобалардың теңгермелігін қамтамасыз ету үшін Үкімет қазіргі таңда өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру картасын әзірлеуге кіріскен болатын. Мемлекеттік органдардың және мемлекеттік холдингтердің ұсыныстары негізінде осындай жобалар сұрыпталып, жалпы құны ? 8,5 трлн. теңгенің жүзеге асырылып жатқан және жүзеге асырылуы жоспарланып отырған 382 жобадан тұратын қоржын жасалды. Оларға алдын-ала сараптама да жасалды. Экономика министрлігінде «Қазақстанның инвестициялық картасы» ақпараттық жүйесі құрылды.
Оның базасында инвестициялық үдерістерді басқару жүйесі құрылатын болады.
Дегенмен, кәсіпкерлермен болған басқосуда талқыланған жобалар, игі бастамалар үкіметтік картаға толық қамтылмай отырғаны белгілі болып еді. Осыған орай, Премьер-Министр Қазақстан кәсіпкерлерінен өз мүмкіндіктерін жан-жақты қарауды сұрай келе, «Атамекен» одағымен бірлесіп, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі әзірлеп жатқан еліміздегі Өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру жөніндегі картаға ортақ көзқарастарын ұсыну қажеттігін атап өтті. «Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан кәсіпкерлер тарапынан дер кезінде қимылдауды сұраймын. Себебі Үкімет картаны бекітіп қойған соң кеш болып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жұмысқа қазір, дайындық сатысында кірісу қажет», - деді Үкімет басшысы. Сонымен бірге, Премьер-Министр Елбасының экономиканы индустрияландыру жөніндегі жаңа міндеттерін жүзеге асыру ел дамуындағы кезекті серпіліс кезең болатындығын атап көрсетті.
«Тәуелсіз Қазақстан дамуындағы бірінші толқын ? бәрімізді топтастырған біздің тәуелсіздігіміз болды. Екінші толқын ? тәуелсіздігіміздің символына айналған елордамыз Астананың құрылысы. Үшінші толқын - Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының 12-ші съезінде сөйлеген сөзінен кейін басталғалы тұр. Бұл - Қазақстанды алға жылжытудың осындай ұраны аясында күш-жігерімізді біріктіре отырып елімізді жаңа қырынан индустрияландыру», деді К. Мәсімов. Осы орайда Премьер-Министр жағдай қалыпқа келгенінше, барлық инвестициялық жобалар іске қосылғанша және олар өзін-өзі қаржыландырумен қамтамасыз етілгенінше алда тұрған міндеттерді орындау үшін Үкімет қазіргі таңда экономиканы қолмен басқарудың апталық режіміне көшкенін атап көрсетті.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Мемлекет басшысы «Нұр Отан» съезінде әртараптандыру үдерісінің негізгі үйлестірушісі ретінде Индустрия және сауда министрлігін нығайту керектігін айтқан еді. Соның көрінісі болуы керек, осы аптада Индустрия және сауда министрлігіне жаңа басшы болып ҚР Президентінің көмекшісі қызметін атқарып келген Әсет Исекешев тағайындалды. Жалпы, Мемлекет басшысы ендігі күні әртараптандыру жөніндегі жұмыстың тиімділігі үшін бүкіл жауапкершілікті Үкіметке және Премьер-Министрдің тікелей өзіне жүктеп, атқарушы билікке Президент алдында әр жарты жыл сайын есеп беруді тапсырды.