Инновациялық оқыту әдістерін енгізудегі басты мақсат - білімді азаматтарды тәрбиелеп шығару - Ш. Қирабаева
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған аталмыш шара С. Демирель атындағы университетте ұйымдастырылды. Онда өткен оқу жылы қорытындыланып, алдағы жылдың стратегиялық жоспары бектілді. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Шолпан Ақашқызы Қирабаеваны әңгімеге тартқан еді.
- Шолпан Ақашқызы, биылғы Тамыз педагогикалық кеңесі қандай тақырыпта өтті?
- Біз негізі жыл сайын тамыз айында, оқу жылы басталардан бұрын дәстүрлі түрде осындай педагогикалық кеңес өткізіп тұрамыз. Биылғы жылғы кеңес «Білім берудің инновациялық стратегиясы - мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» деп аталды.
- Биылғы кеңеске барлығы қанша маман жиналды?
- Оған енді мамандандырылған білім беру ұйымдарының өкілдері, яғни аймақтық «Дарын» ғылыми-практикалық орталықтардың директорлары, дарында балаларға арналған мамандандырылған орта білім беру мекемелерінің жетекшілері, пән мұғалімдері қатысты. Барлығы 165 педагог келді. Бұл кеңесте біз өткен 2013-2014 оқу жылын қорытындылап, алдағы жылдың басым бағыттарын айқындадық.
Сонымен қатар, кеңес барысында пленарлық отырыс, педагогикалық шеберхана жұмыстары жүргізілді. Мұнда бір секция білім беру мекемелерінің басшыларына, екінші секция табиғи-ғылыми бағыттағы пәндердің мұғалімдеріне, үшінші секция қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы мұғалімдерге және төртінші көптілді мектептердің мұғалімдеріне арналды. Өзіңіз білесіз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы Мектеп оқушыларының үш тілде қатар сөйлей білуі керектігін баса айтқан болатын. Міне, қазір елімізде 33 мамандандырылған мектепте пәндер үш тілде қатар жүргізіліп жатыр.
- Тамыз кеңесінің қандай артықшылықтары бар?
- Артықшылықтары көп. Осында келген педагогтар бірінші кезекте өзара тәжірибе алмасады. Өздерінің жетістіктерімен бөліседі, көкейтесті мәселелерді ортаға салып талқылайды. Қандай инновациялық әдістерді қолданып жатқандары жайлы әңгімелейді. Сонымен қатар, біз оқу жылының қорытындысы бойынша үздік мектептер мен мұғалімдерді мақтау грамоталарымен марапаттаймыз.
Қазір, өкінішке қарай, қоғамда педагогикалық мамандыққа қатысты «мұғалім болудың қажеті жоқ, жалақы аз» деген секілді жағымсыз пікірлерді естіп қаламыз. Бұл - жалған пікір. Елімізде педагогтардың атақ-абыройы, құдайға шүкір, артып келеді.
Міне, қараңызшы, биыл біздің дарынды оқушы балаларымыз Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласында математикадан өткен Халықаралық Олимпиадада тұңғыш рет 101 елдің ішінен 23-орын алды! Бұл соңғы 4 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш! Біз бұған дейін 34-35 орындарға ие болып жүрдік.
Биыл Астанада физика пәні бойынша Халықаралық олимпиада өткізілді. Біздің балалар сегізінші орынға ие болды. Бұдан үш жыл бұрын 11 орынға ие болған-ды. Биология бойынша әлемде 18-ші орындамыз. Химиядан 28-ші орын. Ал, информатикадан 29-шы орында келеміз. Мұның барлығы нені білдіреді? Бұл оқушыларымыздың білім деңгейінің жақсы екендігін білдіреді. Ал бұл кімнің арқасында? Бірінші кезекте мұғалімдердің қажырлы еңбегінің арқасында! Олар сабақтан кейін, алтын уақыттарын сарп етіп, тегін, балалармен олимпиадалық тапсырмаларды шешумен айналысады.
- Соңғы жылдары Қазақстанда пәндік олимпиадалар көптеп өткізіліп жатыр. Оның бір себебі қазақстандық оқушылардың жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгендігінен болар?
- Әрине, біздің дарынды балаларымыз барлық пәндер бойынша жақсы көрсеткіштерге ие болып жүр. Оның үстіне, Қазақстан саяси-әлеуметтік тұрақтылықтың арқасында экономика саласында да елеулі жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Сол үшін де әлемдік қауымдастық Қазақстанға үлкен сенім артуда. 2006 жылы елімізде физика пәнінен Азия олимпиадасы, 2010 жылы математикадан халықаралық олимпиада өткізілді. Оған әлемнің 98 мемлекетінен балалар қатысты. Биыл елімізде халықаралық олимпиада физика пәнін өтті. Ал алдағы жылы тұңғыш рет информатикадан да халықаралық олимпиада өткізейін деп отырмыз.
- Шолпан Ақашқызы, бүгінде пәндік додаларда қай мемлекеттің балалары алдыңғы орындарды иеленіп жүр?
- Қытай. Алдыңғы орындарда Қытайдың балалары. Олардан кейін, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері: Тайланд, Тайвань, Оңтүстік Корея, Сингапур елдері.
- Мұның себебі неде?
- Өйткені, олар бұрынғы Кеңес одағының жолымен жүріп келе жатыр.
- Кеңес одағының?!
- Иә. Есіңізде ме, Кеңес заманында дарында балаларға арналған мамандандырылған мектептер болды емес пе!? Қазір де Ресейде арнайы мамандандырылған мектептер баршылық. Бізде Жәутіков атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатын атауға болады. Мұндай мектептер елге өте қажет. Кез-келген оқушы гуманитарлық пәндермен қатар математиканы да білуі тиіс. Жәутіков мектебінде біз физика және математикадан халықаралық олимпиадалар өткізіп тұрамыз. Қазіргі таңда билік басында жүрген талай шенеуніктер кезінде осы мектепті бітіргендер.
- Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының тарихына тоқталсаңыз.
- Біздің орталық бұдан 16 жыл бұрын құрылған. Осы орталықтың желісінде бүгінгі таңда еліміз бойынша 115 орта білім беру ұйымдары тіркелген. Олардың ішінде еліміздің түкпір-түкпірінде мамандандырылғын мектеп-интернаттар, гимназиялар, лицейлер, мектеп-лицейлер, лицей-интернаттар, музыкалық мектептер, кадеттік корпустар бар.
- Сіздердің желілеріңізге енуі үшін орта мектеп қандай талаптарға сай болуы тиіс?
- Бұл үшін жергілікті әкімнің қаулысы қажет. Мектеп білім беру жүйесі бойынша, ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша өте жақсы нәтижелерге қол жеткізуі тиіс. Онда білікті, мықты педагогикалық ұжым болуы шарт. Мектеп түлектерінің алған білім деңгейлері де ескеріледі. Содан кейін барып, біз жергілікті әкімдікке ұсыныс хат жазамыз. Әкімдік тиісті қаржы бөледі. Яғни бұл мектептер мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Содан, мектеп біздің желіге енеді. Оған «Мамандандырылған» деген мәртебе беріледі.
- Оқу бағдарламасына өзгеріс енгізіле ме?
- Әрине, біздің өз оқу жоспарларымыз бар. Бірақ алған бағытына қарай, мектептерде тиісті пәндерге сағат көп беріледі. Яғни олар тереңдетіліп оқытылады. Жалпы, оқыту әдістемелері әрқалай. Қазір мұғалімге көп еркіндік берілген. 45 минут тек мұғалім сөйлеу міндет емес. Кейбір мұғалімдер сабақты оқушылармен бірге талқылау арқылы өткізеді. Пікіталастар ұйымдастырады. Осылайша мұғалім мен оқушының арасында өзіндік бір ынтымақтастық орнайды. Сонымен қатар, электронды оқу әдістемелері де қолданылады. Балалар кітаптардың орнына электронды оқу құралдарын пайдаланады. Тіпті баға қою үшін де электронды журналдар қолданылуы мүмкін. Баласының оқуын ата-аналарға онлайн жүйесі арқылы да бақылауға мүмкіндік беретін бағдарламалар бар. Бірақ, түптеп келгенде мұның барлығы нәтиже беруі тиіс. Бала білімді, мәдениетті азамат болып өсуі керек.
- Бүгінде білім саласында инновация қай бағытта дамуда?
- Қазір инновация тұрғысынан қарағанда табиғи-ғылыми бағыттағы пәндерге көп көңіл бөлінуде. Бұл жерде әрине басты инновациялық құралдар - ақпараттық технологиялар. Дегенмен, олар пәндерде ғана емес, тәрбие жүйесіне де қолданылады. Өйткені біз интеллектуалдық құбыжықтар даярлаудан аулақпыз. Қанша жерден керемет, физик, математик болғанымен адамгершілік, мәдениеттілік, жағынан жұрдай болып жатса, бұл қоғамға үлкен залал келтіреді. Бұлай болмауы тиіс. Яғни, Білім саласына инновациялық оқыту әдістерін енгізудегі басты мақсат - жан-жақты білімді әрі адамгершілігі мол азаматтарды тәрбиелеп шығару.
- Қашықтықтан оқыту жүйесіне көзқарасыңыз қандай?
- Жалпы көзқарасым жаман емес. Бірақ электронды оқытудың да қандай да бір шегі болуы керек қой! Бәрібір мұғалімге жетпейді! Мұғалімге қарап отырып, оның айтқандарын өз құлағыңмен тыңдап, пәндердің тақырыптарын бірге талқылағанға не жетсін! Балаға бәрібір мұғалім керек!
- Әңгімеңізге рахмет!