Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата спикері Нұрлан Нығматулин осылай мәлімдеді.
«Бүгін біз инновациялық технологиялар паркіне қатысты маңызды заң жобасын қарадық. Бұл Президент Жолдауында басымдық берілген тапсырмалардың бірі. Жалпы, ғылыми қамтымды экономиканы қалыптастыруды Елбасы басты басымдықтардың бірі ретінде атап отыр. Сондықтан да, инновация барлық жаңа өнеркәсіптік өндірістің негізі болуы үшін ғылымның, өндіріс пен бизнестің күшін біріктіруге тиіспіз. Заң жобасы осы мақсатты көздеп отыр және құжат жаңа технологияларды мемлекеттік қолдаудың тетігі болып табылады», - деді Н. Нығматулин.
Еске сала кетейік, Мәжілістің бүгінгі отырысында палата депутаттары «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластеріне қатысты екі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Заң жобалары «Алатау» инновациялық технологиялар паркін дамыту үшін аса қажет.
«Бір сөзбен айтқанда, инновациялық технологиялар паркі аясында нарыққа сұраныс тудыратын өндірістерге көшетін боламыз. Парк өз жемісін, яғни инновациясын беруі керек. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі заң жобасы Президенттің ғылыми қамтымды экономика қалыптастыру туралы тапсырмасын орындауға негіз бола алады», - деді Н. Нығматулин.