Инновациялық жобаларға қойылатын талаптар күшейтіледі

АЛМАТЫ. ҚАЗАҚПАРАТ -Инновациялық грантқа ие болғысы келетін үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Бұл туралы ҚР Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің басқарма төрағасы Марат Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің гранттық бағдарламасы 2011- 2016 жылдар аралығында фармацевтика, биотехнология және басқа да инновациялық салалар бойынша жалпы сомасы 12,2 млрд теңгені құрайтын 328 жобаның іске қосылуына мұрындық болған.

Сонымен қатар, 2016 жылы 66 жобаға 1,9 млрд теңге жұмсады. Белгілі болғандай, гранттар арқылы жүргізілген аталмыш жобалардың арқасында 2 773 жұмыс орыны ашылыпты.

Алайда, биылдан бастап агенттік грант үміткерлеріне қойылатын талаптарды күшейтіп, инновациялық жобаларды ұсынудың ережелерін қайта қарамақ.

Марат Омаровтың айтуынша, негізгі өзгерістер агенттік пен өтініш беруші арасындағы  технология құнынын  бірлесе қаржыландырудағы тепе-теңдікті қайта қарауға қатысты болмақ. Бұл көрсеткіш бұрын 80 де 20 пайыз деңгейінде  болып, шығынның ауқымды бөлігін агенттік өтеп келген. Бұдан былай көрсеткіш - 50 де 50 пайыз.  Жиынтық табыс үш жылдың ішінде жобаның құнын жабуы керек.

«Аталған бастаманы енгізудің өзіндік себебі бар. Біз бұрын өтініш берушілердің Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікке келген сапасыз портфельдерін бақылап отырдық. Енді өтініш берушінің  тәуекел ету жағдайын тең бөлеміз. Адам өз қалтасынан шығатын қаржысымен тәуекел етіп, жобаның жарты құнын өзі салса, бұдан алға ілгерілеушілік байқалады, демек, сапа да жоғары. Жоба иесі 80 пайыз грант алған кезде, ол ешқандай қатерге бас тікпейді. Сол үшін біз тәуекелді тең бөліп, жоба құнының бір бөлігін өтініш берушінің өзіне қалдырамыз», - деді Марат Омаров XII Инновациялық конгресстің баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде.

 Талаптардың күшейтілуіне қарамастан, үш айдың ішінде, тамыздан қазанға дейінгі аралықта агенттік грантық жобаға қатысуға ниет білдірушілерден  200 өтініш қабылдапты.

Жобаларды сараптамадан өткізу жұмыстарының әлі де жалғасып жатуына байланысты қаржыландыруға қанша қаражат жұмсалатыны  әзірге айтылған жоқ. Оның есесіне, өтінш берушілердің инновациялық жобаларына мемлекет бөлгелі отырған қаржының сомасы белгілі болды.

«Жалпы сома - 2,8 млрд теңге. Жобалардың сараптамасын жүргізіп жатырмыз, жыл соңына қарай жобаларға қанша жұмсалатыны жөніндегі мәліметтер белгілі болмақ. Әзірге айтарым, ұсынылып отырған жобалардың сапасы өте жақсы», - деді басқарма төрағасы.