Инновациялық қызмет саласына мемлекеттік қолдау жетілдіріледі – Мәжіліс
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжіліс Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірыңғай инновациялық кластер құру және оған қатысушылар үшін қолдауды кеңейту арқылы инновациялық қызметке жағдайларды жақсарту мақсатында әзірленді, - деді Мәжіліс депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Айтуар Қошмамбетов.
Аталған заң жобасы биыл 2 сәуірде Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды.
Заң жобасы:
1) «Инновациялық технологиялар паркі» кластерлік қорын және «Астана Хаб» халықаралық технопаркін біріктіруге және оның қатысушылары үшін бірыңғай құқықтық алаң құруға;
2) «Ұлттық инновациялық жүйенің» бірыңғай терезесі арқылы инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету рәсімдерінің ашықтығын арттыруға;
3) венчурлік қорларды қаржыландыру кезінде конкурстық іріктеуді және тиімділікті бағалауды қамтамасыз етуге бағытталған.
- Кәсіпкерлік кодекстің қолданыстағы нормаларына сәйкес тиімділікті бағалауды инновациялық даму саласындағы мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, ұлттық даму институты және мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға уәкілетті өзге де заңды тұлғалар жүзеге асырады. Заң жобасы 10 заңнамалық актіге (2 кодекс және 8 заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді, - деп толықтырды халық қалаулысы.
Бұған дейін Мәжіліс Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы инвестиция туралы құжатты қабылданды.