Инновациялық шешімдерді қолданатын компаниялар саны 3,5 есе өсті – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Минскіде «ИННОПРОМ.Беларусь» халықаралық өнеркәсіп көрмесін аралап, «Жаңа технологиялар одағы: болашақ өнеркәсіпті құру» тақырыбындағы пленарлық сессияда сөз сөйледі, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Олжас Бектенов өз сөзінде Мемлекет басшысының стратегиялық көзқарасы инновациялық және цифрлық экономиканы қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Сондай-ақ сессияға Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадов, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Тәжікстан Премьер-министрі – ТМД ұйымына мүше елдердің үкіметтері басшылары кеңесінің төрағасы Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов және Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, шахта және сауда министрі Атабек Сейед Мохаммад қатысты.
- Жаһандық ахуалдың өрбу тұрғысынан алғанда жаңа технологиялар салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азаматтарымыздың өмір сүру сапасына оң әсер етеді. Қазақстан Президентінің бұл мәселеге баса көңіл бөлетіні де сондықтан. Біз деректерді өңдеу орталықтарын, сенімді байланыс арналарын және заманауи технопарктерді қамтитын цифрлық архитектураны қалыптастырып жатырмыз. Озық технологияларды кең ауқымда пайдалану мақсатында Үкімет жанында Цифрлық штаб жұмыс істеп тұр, - деп атап өтті Премьер-министр.
Өңдеу өнеркәсібі – бүгінде цифрландыру қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. Соңғы жылдарда инновациялық шешімдерді қолданатын компаниялардың саны 3,5 есе өсіп отыр. Бұл өндіріс тәсілін өзгертіп, кооперацияға мүмкіндіктер ашады, сонысымен кәсіпорындарды тиімділігі жоғары деңгейіге шығарады.
Тау-кен металлургия кешенінде пилотсыз технологиялар, жерасты радиобайланыс жүйелері, жұмыс процестерін диспетчерлеу және роботтандыру енгізілуде. Қазақстанның көптеген ірі кәсіпорындары осы уақытқа дейін карьерлер мен дрондардың және өнеркәсіптік роботтардың 3D-моделдерін пайдалана отырып, кенді ұсақтаудан концентрат шығаруға дейінгі өндірістік циклді толық цифрландырып тастады.
Осыған ұқсас динамика өзге секторлардан да байқалып отыр. Мұнай-газ саласында цифрлы шешімдер өндіру мен өңдеуден бастап түпкі тұтынушыға отын жеткізуге дейінгі өндірістің барлық кезеңінде қолданылады. OilTrack платформасы мұнай өнімдерінің әр кезеңдегі қозғалысын бақылайды, «Цифрлық келісімшарт» қосымшасы кен орындарын пайдалануды автоматтандырады, ал «Мұнай мен ЖЖМ-ны цифрлық тәсілмен тарату» қолданбасы нақты уақыт режимінде ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етеді.
Машина жасауда штаттан тыс жағдайларға жедел ден қою орталықтары құрылды, сапаны бақылау үшін компьютерлік көру шешімдері және цифрлық «егіздер» енгізілуде.
Технологиялық прогресті жеделдету үшін Қазақстан жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуда. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер іске қосылды, ол ЖИ-ді тек мемлекеттік секторда ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен отандық стартаптарды дамытуда да қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорындарда жасанды интеллект шешімдерінің салалық акселераторлары, демонстрациялық алаңдар мен пилоттық аймақтар құрылады.
Технологияларды әзірлеумен қатар оларды одан әрі кеңінен тарату үшін орта дайындау бойынша шаралар қабылдануда. Инновациялық экожүйенің маңызды буыны Алматы облысындағы жаңа қала – Alatau City болмақ. Бұл технологиялық прогресс пен жайлы өмір сүру ортасын біріктіретін іскерлік белсенділік пен инновацияның орталығы болады.
Кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жұмысшы мамандықтары жылы еңбек адамының мәртебесін көтеруге ғана емес, сонымен қатар нарықтағы жаңа технологияларға сәйкес мамандардың дағдыларын жетілдіруге баса назар аударылады.
Осыған дейін еліміздің ТМД мемлекеттерімен жалпы тауар айналымы $37,3 млрд-ты құрағаны туралы жаздық.