Инновациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты — Тоқаев

АСТАНА.KAZINFORM — Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына жол ашуға тиіс. Бұл туралы бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Фото: Ақорда

— Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістермен бетпе-бет келді. Жаңа сын-қатерлер пайда болды. Дүниежүзінде технологиялық бәсеке күшейді, яғни, инновациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты. Технологиялық даму кез келген мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторына айналды. Бұл — цифрлық трансформацияға дер кезінде бет бұрған елдер көш соңында қалмайды деген сөз. Сондықтан Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер технологиялық жаңғыру үдерісінен тыс қалмауы үшін бірлесе жұмыс істеуі керек деп санаймыз. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына жол ашуға тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Түркістан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті басталды. Саммитке ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары — Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келді.

Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылып отыр

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдады.