Инспекторлардан қашқан браконьерлер бекіре салынған қаптарды Жайыққа лақтырып кеткен

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда инспекторлардан қашқан браконьерлер бекіре тұқымдас балық салынған қаптарды Жайық өзеніне лақтырып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 14 тамызда болған.

«Басқарма басшысының орынбасары А.Қабдуғалиевтың жетешілігімен заңсыз балық аулауға жол бермеу, алдын алу мақсатында Дамба балық инспекциясы бекетінде рейдттік іс-шара жүргізілді. Рейдке Теңіз, Дамбы және Махамбет балық испекциясы бөлімдерінің мамандары қатысты. Инспекторлар жергілікті уақытпен түнгі сағат 02:18 шамасында Каспий теңізі бағытынан келе жатқан қайықты тоқтатпақ болды. Алайда, қайықтағылар инспекторлар талабына бағынған жоқ. Мамандар қызметтік жүзу құралдарымен қайықтың артынан ілесті. Қайықтағы адамдар Құрманғазы ауылының тұсында Жайық өзеніне ақ түсті қаптарды лақтырып кетті», -деп хабарлады инспекцияның баспасөз қызметі.

Испекторлар Жайық өзеніне бір қапты тауып алған. Қапта бекіре тұқымдас балықтардың 4 данасы салынғаны анықталған.

Екінші қап табылған жоқ. Оған қанша балық салынғаны белгісіз.

Сондай-ақ, Жайық өзенінен иесі жоқ қайық табылды. Жүзу құралы Дамбы балық инпекциясы бөліміне жеткізіліп, айып тұрағына қойылды.

Ал, бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулау дерегімен қылмыстық іс тіркелді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын браконьерлерден 1 тонна бекіре тәркіленіп, 15 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.

Балық шаруашылығы комитеті балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысы Ерасыл Суықбаевтың мәліметінше, құқық бұзушыларға 15,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Заңсыз айналымнан 68 тонна 300 келі балық, оның ішінде 1001 келі бекіре тұқымдас бағалы балық түрлері алынды. Бекіренің 29 келі қара уылдырығы тәркіленді.