Instagram арқылы 121 адамды алдаған қызылордалыққа сот үкімі шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Жалған парақша арқылы табыс уәде еткен алаяқ сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Қызылорданың «С» есімді 31 жастағы тұрғыны интернет желісін пайдалану арқылы жасалған алаяқтығы үшін 2025 жылы 19 қарашадағы сот үкімімен 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.

«С» есімді азамат 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы «Instagram» әлеуметтік желісінде «Dake_87057380827» деп аталатын жалған парақша ашқан. Ол бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланып, азаматтарды «Салған ақшаларын еселеп қайтарамын» деп алдап, «1XBETKZ» букмекерлік кеңсесі мен «Wooppay Wallet» төлем жүйесі арқылы жәбірленушілердің қаражатын иемденген. 

— Салдарынан республика бойынша 121 адам алданып, жалпы келтірілген мүліктік залал 9 млн жуық теңгені құраған. Басты сот талқылауында сотталған кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалды толығымен өтеуіне байланысты оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалған, — делінген хабарламада.

Бүгінгі күні сотталған «С» тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеп жатыр. Үкім заңды күшіне енді.

Осыған дейн Қызылордада діни ағымды ұстанушы әйеліне психикалық қысым көрсеткенін жазғанбыз.