Instagram ата-аналарға баласының суицидке қызығушылық танытқаны туралы ескерту жібереді

Фото: Anadolu Agency

АСТАНА. KAZINFORM — Бейсенбі күні Meta компаниясы Instagram 16 жасқа толмаған жасөспірім суицид немесе өз-өзіне зиян келтіру тақырыбындағы бейнелерді жиі іздеген жағдайда ата-аналарға ескерту жіберетінін мәлімдеді. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ хабарлады.

Ата-аналар Instagram-дағы ата-аналық бақылау функциясын пайдаланған кезде тиісті хабарлама ала алады.

Компания бұл мүмкіндік жасөспірімдерді ықтимал зиянды контенттен қорғауға бағытталған қолданыстағы шараларды толықтыратынын атап өтті.

NU.nl газетінің мәліметінше, платформа суицидті немесе өз-өзіне зиян келтіруді насихаттайтын контентке қатысты қатаң саясат ұстанатынын мәлімдеген.

Қазіргі уақытта Instagram мұндай іздеу сұрауларын бұғаттап, пайдаланушыларды көмек көрсету ресурстарына бағыттайды.

Келесі аптадан бастап бұл ескерту функциясы АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия және Канада тұрғындары үшін қолжетімді болады. Кейінірек Еуропа елдері де қосылады.

Сонымен қатар, үкіметтерге 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалануына «аустралиялық тыйым» енгізу туралы қысым күшейіп келеді.

Франция, Дания және Ұлыбритания сынды елдер жастардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу жоспарларын әзірлеп жатыр.

Бұған дейін хакерлер Instagram-ның 17,5 миллион қолданушысының деректерін ұрлағанын жазғанбыз.