Instagram-дағы стористі «жасырын қарау» функциясы қандай қауіп төндіреді – сарапшы пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Meta компаниясы Instagram, Facebook және WhatsApp сервистеріне арналған ақылы жазылымдарды кезең-кезеңімен сынақтан өткізіп жатыр. Жаңа мүмкіндіктердің ішінде Instagram Stories жарияланымдарын «жасырын қарау» функциясы ерекше назар аудартты.

Коллаж: Kazinform

Жаңа Plus жазылымдары пайдаланушыларға кеңейтілген аналитика, интерфейсті жекелей баптау және аудиторияны басқарудың қосымша құралдарын ұсынады. Соның ішінде стористі қараған адамның аты-жөнін көрсетпей көруге мүмкіндік беретін функция енгізілуде.

Бұл мүмкіндік арқылы пайдаланушы стористі көргенімен, жарияланым авторы оны көрермендер тізімінен байқамайды. Алайда сарапшылар мұндай функцияны толық анонимдік деп қабылдамауға шақырады.

QazTech альянсы ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы Евгений Питолиннің айтуынша, пайдаланушы басқа адамдар үшін көрінбегенімен, платформаның өзі оның барлық әрекетін тіркеп отырады.

Фото: ЦАРКА

– Ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан бұл анонимдік емес. Бұл тек пайдаланушының қаралымдар тізімінде қалай көрінетінін өзгертеді. Ал платформаның өзі жүйе ішіндегі барлық әрекетті тіркеуді жалғастыра береді, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, Meta бұрынғыдай пайдаланушының IP-мекенжайын, құрылғы түрін, белсенділік уақытын, контентті қарау ұзақтығын және басқа да мінез-құлық деректерін жинайды. Бұл ақпарат ұсыным алгоритмдері мен контентті жекелеу мақсатында пайдаланылады.

Сарапшы мұндай функциялар пайдаланушыларда жалған қауіпсіздік сезімін қалыптастыруы мүмкін екенін атап өтті.

– Пайдаланушы өзін көрінбейтіндей сезінеді. Бірақ жүйе деңгейінде оның барлық әрекеті толық тіркеліп отырады. Бұл – құпиялықтың иллюзиясы ғана, – деді Евгений Питолин.

Мамандардың пікірінше, стористі жасырын қарау мүмкіндігі әлеуметтік желідегі мінез-құлыққа да әсер етуі мүмкін. Бір жағынан, пайдаланушылар контентті жария түрде белгі қалдырмай қарай алады. Екінші жағынан, бұл басқа адамдардың белсенділігін олардың хабарынсыз бақылауға жағдай жасайды.

Сарапшылар мұндай функциялар кибербуллинг, жасырын бақылау және даулы жағдайларда цифрлық іздерді анықтау мәселелерін күрделендіруі ықтимал екенін айтады.

Сонымен қатар Қазақстанда мұндай тетіктер жеке деректерді қорғау және оларды өңдеудің ашықтығы жөніндегі талаптар тұрғысынан да маңызды саналады. Бұл мәселелер «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңмен реттеледі.

Айта кетейік, Meta бұған дейін Instagram мен Facebook желілерінде 13 жасқа толмаған пайдаланушыларды анықтап, олардың аккаунттарын жоюға арналған жасанды интеллект жүйесін іске қосатынын хабарлаған. Сондай-ақ WhatsApp мессенджерінде ЖИ-көмекшімен сөйлесуге арналған «инкогнито режимі» енгізілді.