Жаңа сервис мәтіндік сипаттама негізінде кескіндер жасап, дайын фотосуреттерді өңдеуге мүмкіндік береді. Оның басты мүмкіндіктерінің бірі — Instagram-дағы ашық аккаунттарда жарияланған фотосуреттерді жаңа ЖИ-кескіндерді жасау кезінде пайдалану.
Шетелдік технологиялық басылымдардың хабарлауынша, пайдаланушы Meta AI-ға сұраныс енгізу кезінде қажетті Instagram-профильді көрсетуі жеткілікті. Осыдан кейін жасанды интеллект сол аккаунттағы көпшілікке қолжетімді фотосуреттерді, соның ішінде адамның бейнесін де пайдаланып, жаңа суреттерді генерациялай алады.
Сонымен қатар, аккаунт иесіне оның фотосуреттері жасанды интеллект арқылы пайдаланылғаны туралы ешқандай хабарлама жіберілмейді. Компанияның мәліметінше, мұндай мүмкіндікке қарсы пайдаланушылар оны құпиялылық (privacy) баптаулары арқылы өшіре алады.
Meta өкілдерінің айтуынша, Muse Image компания ережелерін бұзатын кескіндердің жасалуына жол бермейтін қорғаныс тетіктерімен жабдықталған. Дегенмен, жаңа функция жеке деректердің қорғалуы мен пайдаланушылар жариялаған контентті қолдану мәселесіне қатысты түрлі сұрақтар туындатып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Meta Instagram, Facebook және WhatsApp-та ақылы функцияларды іске қосқан болатын.