Бүгін Астанада «Әділетті сот жүйесі және тұрақты заңнама - тартымды инвестициялық климаттың негізі» атты тақырыппен өтіп жатқан «дөңгелек үстел» жиынына қатысушыларға жолдаған құттықтау хатында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай деді. Еске салайық, жиын барысында Үкімет басшысының жолдаухатын вице-премьер Бердібек Сапарбаев оқып берген болатын.
Премьер-министр өз хатында бүгінгі таңда мемлекет тарапынан биліктің жеке тармағы ретіндегі сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылғанына тоқтала келе, осы арқылы заңды және жеке тұлғалардың мүдделері мен конституциялық құқықтары қорғалатынын алға тартады. «Сонымен бір мезгілде, орын алып отырған экономикалық ахуалды және еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді ескере отырып, сот жүйесі бүгінгі күні өзгерістерге ұшырап жатқан талаптарға жауап беруге әзір болуы тиіс», - делінген құттықтау хатында.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан Қылмыстық, Қылмыстық іс-жүргізу, Қылмыстық атқару және Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодекстері күшіне енгеніне тоқтала келе, ондай құжаттардың сот және тұтастай құқық қорғау жүйелерінің деңгейін жаңа сапалы деңгейге шығаратынын алға тартады. Премьер-Министрдің пікірінше, бұл бағыттағы кезекті қадам азаматтық сот өндірісін жаңғырту мен инвесторлар үшін жағымды ахуал қалыптастыруға бағытталған жаңа редакциядағы Азаматтық іс-жүргізу кодексі болып табылады.
«Инвесторлар үшін қабылданып жатқан шаралар жиынтығы, сонымен қатар, заңнама деңгейінде қарастырылған кепілдер мен жеңілдіктер еліміздегі инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруына өз септігін тигізеді», - дейді Кәрім Мәсімов өз хатында.
Сонымен қатар, Премьер-Министр өз тарапынан алдағы уақытта да тиімді әділсот жүйесін қамтамасыз ету үшін ел Үкіметінің ҚР Жоғарғы Сотымен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін мәлімдейді.