Intel компаниясының табысы 13 пайызға төмендеді

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - 2012 жылмен салыстырғанда Intel компаниясының таза табысы 13 пайызға 11 млрд. доллардан 9,6 млрд. долларға төмендеді, деп хабарлайды Kapital.kz.

Компанияның 2013 жылғы түсімі 52,7 млрд. долларды көрсетті. Компанияның мәліметінше, оның операциялық табысы 12,3 млрд. долларды, акциядан түскен табыс 1,89 млрд долларды құрады. Операциялардың нәтижесінде корпорация 20,9 млрд. доллар шығын шығарып, 4,5 млрд. доллар көлемінде дивидент төлеп, 94 млн. өз акцияларын сатып алуға 2,1 млрд. доллар жұмсаған.

2014 жылға жасалған болжам бойынша компанияның түсімі 2013 жылғы көрсеткішпен бірдей болмақ. Intel компаниясының жобаларды зерттеу, дайындау және маркетинг пен басқаруға жоспарланған шығыны 18,6 млрд. доллардан аспайтын болады. Сондай-ақ, бірінші тоқсанда түсім 12,8 млрд. доллар көлемінде, ал маркетинг және басқа да жұмыстарға жұмсалатын қаржы 4,8 млрд. доллар болады, деген болжам бар.