Мемлекеттілікті нығайтуға, қазақстандық қоғамның бәсекеге қабылеттілігін арттыруға бағытталған бұл іс-шаралар білім беру жүйесіне тікелей қатыстылығы айқын аңғарылады. Дүниежүзілік үрдіс бойынша барған сайын ғылым мен білімнің рөлі артып, ол қоғамдық байлықты құрудың басты тәсіліне айналды. Бұл үрдістер білім жүйесінің алдына жаңа талаптар қойып отыр. Ақпараттық қоғамда жұмыс күшінің нарығы жоғары білім дәрежесі және адамның қайта мамандануға бейімділігіне қарай қалыптасады.
Кез келген мемлекеттің басты байлығы - адам. Адам капиталы қазіргі заманда қоғамдық дамудың бағытын және елдің болашағын айқындайтын маңызды фактор саналады. Адами капиталды табысты жүзеге асыру тиісті әлеуметтік кеңістік құруды және адамдардың интеллектуалдық қабылеттерін ашатын мүмкіндіктер жасауды қажет етеді. Мемлекетті табысқа жеткізетін де осы креативті тап - ғалымдар, білікті мамандар, инноваторлар мен кәсіпкерлер. Сондықтан да ҚР Президенті «Нұрлы жол» бағдарламасында ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру міндетін қойды.
Бұдан былай жастар жаппай заң, құқық, қаржы іспетті мамандықтарға жүгірмей, заманауи кәсіпорындарда еңбек ететін техникалық мамандық түрлерін таңдағаны өздері үшін тиімді. Мұндай жұмысшылар жоғары жалақы алады, олардың біліктілігі мен кәсіби дағдылары жұмыс нарығында әрдайым сұранысқа ие. Еліміздегі индустрияландыру бағдарламасы бойынша ашылған жаңа кәсіпорындардағы мамандар тапшылығы да білікті мамандарға деген өткір сұраныстың айқын дәлелі. Сонымен қатар индустриалдық өндірістегі еңбек өнімділігінің артуына және технология жетістіктерін қолдануға байланысты бұған дейінгі кәсіптік дағдылар мен біліктіліктердің ескіретіні сөзсіз. Осыған орай жаңа талаптарға жауап бере алатын мамандықтарға баулитын кәсіптік-техникалық оқу орындарын жаңғырту мәселесі өзектіленді.
«100 нақты қадамның» 77-қадамында айтылған «Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он ЖОО-да білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына таратудың» да басты мақсаты мамандардың бәсекеге қабылетін арттырудан туындап отыр. Бұл міндет қазірдің өзінде үлкен өзгерістерге жол ашты. Мысалы, кәсіптік-техникалық оқу орындарында дуальді оқыту моделін енгізу еңбекке жағымды көзқарасты қалыптастырумен бірге жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтарды қолдануға ұмтылысты ынталандырады, өндірістің және халық табысының жедел өсуіне үлес қосады. Дуальді оқыту теория мен тәжірибенің тығыз ұштастырылуы негізінде жүзеге асады және жас маманның алған білімдерін өмірде қолдана алуына ықпал етеді. Германияда кең таралған оқытудың бұл әдісі бойынша практикалық сабақтар тікелей кәсіпорында өткізіледі. Кәсіпорындағы білікті мамандардың көмегімен студенттер теориялық білімімен қоса нақты тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Осылайша оқу орнын бітірген түлек тәжірибелі маман болып шығып, бірден өндіріс орнына жол тарта алады. Бұл оқу орны түлектерінің жұмыссыз қалмауының бір кепілі. Еуропа елдерінде сыннан табыспен өткен дуальді оқыту жүйесі алдағы уақытта оқу орындарының басым көпшілігінде қолданылуы әбден мүмкін. Өйткені жұмыс берушілер де білікті маманға зәру және бұл еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізетін оң үрдіс.