Интерактивті сабақ Конституцияның 15 жылдығына арналды - Қызылорда
Он-лайн режімі арқылы өткізілген дәріске ел аймақтарының 9-11 сынып оқушылары қатысты.
Департамент директоры А.Қаржаубаев барлық мектеп оқушыларын айтулы мерекемен құттықтай отырып, еліміздің маңызды құжаты - Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылдану тарихы мен оның жалпы мазмұны туралы айта келіп, адам құқықтары жөнінде мағлұматтар берді.
Тақырып аясында республикамыздың өзге өңірлерінен сабаққа қатысушы балалар арасынан Оңтүстік Қазақстан облысы, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының 11 Ғ сынып оқушысы Б.Молдабеков, Тараз қаласындағы №53 орта мектептің 9 А сынып оқушысы, Таэквандодан республикалық ашық турнирінің жүлдегері А.Қырғызбеков өз пікірлерін білдіре отырып, аталмыш тақырып төңірегінде өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды.
Сондай-ақ облыс көлеміндегі Шиелі ауданының №46 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Н.Орынбаева мен Арал қаласының №14 орта мектебінің 11 сынып оқушысы К.Құсмамбетова осы тақырып төңірегінде өз ой бөлісті. Берілген сұрақтар бойынша департамент директоры бала құқығы мен мүддесін қорғау бағытында халықаралық тәжірибеге тоқтала келіп, аталған мақсатты жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелердің республикамыздың барлық аймақтарында құрылуы туралы тұшымды жауап берді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Байқадамов Ата заңымыздың қабылданған күнінен бүгінгі күнге дейін оған енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы және қазіргі таңдағы егемен Қазақстанның даму бағытындағы зор жетістіктері жөнінде әңгімеледі.
Интерактивті сабақ барысында Алматы қаласы қатысушыларынан «Ахыска» түрік ұлттық орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Т.Гусейнова Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы мерейтойына арнаған құттықтау сөздері мен кең-байтақ қазақ жерінде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдеріне осы негізгі құжатпен берілген кепілдіктер туралы ой бөлісті.
Сабақ соңында департамент директоры А.Қаржаубаев Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығының арқасында болып жатқан жемісті жетістіктерімізге, соның ішінде республикада құрылған физика-математикалық және химия-биологиялық бағдарламалары ықпалдасып жүзеге асырылатын интеллектуалды мектеп желілері туралы, сондай-ақ өз Конституциямызды білу және құрметтеу - баршамыздың азаматтық парызымыз екендігін айтып қорытындылады.
Интерактивті сабақ соңы барлық қатысушылардың елдің рухын көтерер патриоттық әндердің бірі «Атамекенді» орындауымен аяқталды.