— Заң деңгейінде бірінші рет «клиникалық тәлімгерлік» ұғымы енгізіліп отыр. Бұл жас маманды баулитын дәрігердің мәртебесін айқындау үшін керек. Мәртебемен бірге ынталандыратын шаралар да көзделген. Дәрігерге интернді қосақтап беру қосымша жүктеме емес, керісінше қосымша көмек. Интерн-дәрігерлер біртіндеп қосымша клиникалық құзыреттер мен тәжірибе игеріп, тәлімгеріне көмектеседі. Бұл заңда интерн-дәрігерге медициналық ақпарат жүйелеріне кіру мүмкіндігі беріледі, — деді ол.
Бірінші вице-министр алғаш рет интерн-дәрігер мен тәлімгер дәрігердің кәсіби жауапкершілігі сақтандыру тетігі енгізілетінін де айтты.
— Осы арқылы бір жағынан науқастың, екінші жағынан жас маманның қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Интернатура деңгейіндегі мамандарды даярлау ісін әуелде алғашқы медициналық-санитарлық көмек және ауылдағы денсаулық сақтау салаларында бастауды жоспарлап отырмыз. Ал жоғары технологияны меңгеруді талап ететін мамандарды даярлау резидентура аясында іске асады, — деді Тимур Сұлтанғазиев.
Айта кетейік, бүгін Сенат депутаттары ұлттық заңнамаға денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң мен оған іліспе құжатты екі оқылымда мақұлдады.
Сонымен қатар Сенат мұғалімді артық жүктемеден босататын заңды бекітті.