Алексей Ногай — Түркістан облысының тумасы. Қазақ тілін жетік меңгерген. 2009 жылы Алматыдағы Экономика және статистика академиясының есеп және аудит факультетін бітірген.
2012-2013 жылдары отан алдындағы әскери міндетін өтеген. Армиядан соң ішкі істер органдарында еңбек етемін деп шешіп, 2015 жылы батальон полкінде дипломатиялық өкілдер күзетшісі болып тағайындалады.
Қазір Алексей Ногай елордада арнайы батальон қызметінің аға инспекторы.
«Қазақи ортада өскендіктен мемлекеттік тілді жақсы меңгергенмін. Дегенмен орыс мектебін бітірдім. Әйелім қазақ. 2 қызым бар, оларды қазақ балабақшасына бердік. Отбасымызда екі (қазақ, кәріс) ұлттың да салт-дәстүрін бірдей ұстанамыз. Балаларымды да ата дәстүрі мен тілді құрметтеуге үйретудеміз», - дейді Алексей Ногай.
Тәртіп сақшысы, бос уақытында компьютерлік бағдарлама әзірлеумен айналысады.
«Қазақстанда бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Оған дәлел — менің достарым. Менің қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек және басқа ұлт өкілдерінен жақын араласатын достарым бар. Ұлтымыз басқа болса да бір тілде сөйлейміз, біз үшін ортақ дүние көп. Біреуді кемсіту деген жоқ. Интернационал отбасында дастархан басына жиналатын себеп көп. Дастархан басына мереке күндері және басқа да айтулы күндері жиі жиналып тұрамыз. Сол сияқты махаббат ұлтқа қарамайды, бастысы сыйластық пен өзара құрмет болуы керек», - дейді ол.
Алексей Ногай көпұлтты Қазақстан елінде туып, тұрып жатқанын мақтан тұтады. Оның айтуынша, елімізде әр ұлт өкіліне құрмет ерекше.
Сондай-ақ, барша қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтап, ырыс-ынтымақ тілейді.