Интернаттағы бала өліміне қатысты күдікті қамауға алынды - Алматы облысы

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында балалардың церебалды сал ауруына шалдыққан бүлдіршінді өлтірген күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігіне сəйкес, күдіктіні екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берілді», - деді Алматы облыстық сотынан.

Еске сала кетейік, бұған дейін фактіні облыстық ІІД растаған болатын. Ведомствоның ресми өкілі Көбейхан Нұрахмет түсіндіріп өткендей, іс жіті бақылауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген. Күдікті әйел тұтқындалды, ол Талғар аудандық ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.

Бұдан бұрын БАҚ-та «Аяла» мамандандырылған балалар интернатында сегіз жасар баланың өлімі туралы хабарланған болатын. Баланың жүрек соғысы тоқтап, қайтыс болғаны айтылды. Туыстарының нұсқасы бойынша, баланы тәрбиеші тұншықтырып өлтірген.