Интернет алаяқтардың көбі ақшаны Ресейде тіркелген банк шоттарына аударады – полиция

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Интернет алаяқтар ұрланған ақшаны шетелдік банктердің шоттарына аударады. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінде өткен брифингіде Тергеу басқармасының аға тергеушісі Ришад Әйткенов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Интернет алаяқтық істерін тергеу нәтижесінде ұрланған ақша көбіне шетелдік банк шоттарына жіберілетінін анықтадық. Басым көпшілігі қаражатты Ресей Федерациясының аумағында тіркелген банк шоттарына аударады. Ақшаны қайтару үшін біз заңнамада белгіленген тәртіптер бойынша іс-шаралар жүргізіп жатырмыз. Қаражат шет мемлекеттегі банк шотына аударылған жағдайда аккаунттарды анықтау үшін ол елге хат жолданады», - деп атап өтті Ришад Әйткенов.

Оның дерегінше, жыл басынан бері елордада интернет алаяқтық жасағаны үшін 276 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Дегенмен тіркелген қылмыстық істердің жартысынан астамы ашылмаған.