Интернет алаяқтарына алданғандардың ақшасын алып, өзгелерге аударған ақтөбелік ұсталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік интернет алаяқтарына алданған адамдардың ақшасын алып, оны «жұмыс берушісіне» аударып отырған. Полиция Ресейге қашып кетпек болған күдіктіні ұстады.
Ақтөбе қаласының тұрғыны жұмыс іздеп, Telegram арқылы курьер қызметіне орналасады. Оның міндеті банкоматтан ақша алып, өзге есепшоттарға салу. Ал ол бұл қызметі үшін ақшаның біргілі бір бөлігін өз қызметі үшін алып отырған. Сөйтіп 5 млн теңге аударды.
- Полиция қызметкерлері «Аnti-fraud» іс-шарасы аясында жедел-іздестіру шарасында алаяқтық схемасына қатысы бар күдіктіні анықтады. Жас жігіт Ресей Федерациясына қашпақ болған кезде ұсталды. Тергеп-тексеру барысында күдікті заңсыз ақша айналымдарына қатысу арқылы пайда тапқанын мойындады. Қазіргі уақытта үш жәбірленуші анықталды. Барлығы - телефон алаяқтарына алданып, ақшасынан айырылған жергілікті тұрғындар, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі. Осы іс бойынша қазір Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Еске салсақ, Ақтөбеде жігітті жалдамалы пәтерге апарып, кейін оны бопсалаған топ ұсталды. Күдіктілер – 19 жастағы қыз бен екі ер адам.