Интернет-алаяқтық пен есірткіден түскен кірістерді жылыстатуға арналған сервис анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің (баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, соның ішінде цифрлық валютаны пайдалану арқылы жүзеге асырылатын әрекеттерге қарсы жұмыс жүргізіп келеді.
- Блокчейн арқылы криптотранзакцияларды бақылау барысында интернет-алаяқтық пен есірткі саудасынан түскен кірістерді жылыстатуға кәсіби қызмет көрсеткен «RAKS exchange» атты криптоайырбастау сервисі анықталды.
Аталған сервис қылмыс әлемінде өте танымал болған және 5 млн астам қолданушысы бар 20 ірі «Darknet» нарығымен жұмыс істеген.
Соңғы үш жыл ішінде бұл криптосервис арқылы ТМД елдеріндегі — Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова — 200-ден астам есірткі дүкенінің заңсыз кірістері ақталған.
Криптоайырбастау платформасының жалпы айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан, - делінген хабарламада.
Тергеу барысында 4 мыңнанастам криптовалюта әмияндары зерттеліп, қылмыстық кірістер сақталған әмияндар анықталды.
Нәтижесінде сервиске тиесілі 67 криптоәмиян бұғатталды. Жалпы сомасы 9,7 млн USDT (5,2 млрд теңге) болатын цифрлық активтер уақытша тоқтатылды.
Бүгінгі күні сервис толықтай өз қызметін тоқтатты:
әлеуметтік желідегі аккаунттары жойылды;
клиенттерге қызмет көрсетуі тоқтатылды;
- Darknet-тегі мамандандырылған форумдарда есірткі дүкендері тарапынан қаржылық міндеттемелердің орындалмауына қатысты жаппай шағымдар тіркелуде.
Цифрлық құралдарды пайдалану арқылы қылмыстық кірістерді жылыстату схемаларын тоқтату жұмыстары жалғасуда,-дейді баспасөз қызметі.
Осыған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерткені жөненді жаздық.