Интернет-алаяқтық түрлері қандай

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Интернет-алаяқтық жасаудың ең көп тараған түрлері мынадай: жарнама арқылы тауарға немесе қызметке алдын ала төлем алу. Оған интернет-алаяқтықтың жартысы тиесілі. Екіншісі - шағын несие ұйымдарының сайттарында онлайн-займ рәсімдеу. Жыл басынан мұндай шамамен 3 мың қылмыс жасалды. Үшіншісі - азаматтардың жеке мәліметтерін алғаннан кейін банктік есепшоттарынан ақша қаражаттарын ұрлау», - деді ол ІІМ баспасөз алаңында өткен брифингіде.

Оның атап өтуінше, көп жағдайда алаяқ жалған нөмірлер арқылы қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады.

«Бірқатар жағдайда зардап шегушілер «фишингілік» интернет-ресурстарға өздерінің мәліметтерін ерікті түрде енгізген. 2 мыңға жуық алаяқтық түрлі жобаларға, ойындарға, инвестицияларға бәске тиімді ақша тігу желеуімен жасалған», - деді Қанат Нұрмағамбетов.