Интернет арқылы тарайтын ақпараттың кем дегенде 50 пайызы қазақ тілінде берілуіне қол жеткізуге тиіспіз - А. Смайыл

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Интернет арқылы тарайтын ақпараттың кем дегенде 50 пайызы қазақ тілінде берілуіне қол жеткізуге тиіспіз. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осы мәселені көтерді.

Сөз арасында депутат А. Смайыл интернет мемлекеттік және ұлттық саясатты қалыптастырып, оларға деген қоғамдық көзқарасты түрліше құбылтудың ықпалды құралына айналғанын айтып, бұл күнде ғаламтор желілерін ақпарат тасқыны кернегенін жеткізді. «Осыған дейін, кім ақпаратқа ие болса, сол әлемді билейді деуші едік. Енді интернетті кім иеленсе, сол әлемді ауыздықтайды дейтін болдық. Барлық дамыған мемлекеттер интернетке әлемді өзгертудің қуатты құралы ретінде қарайды және солай жасап отыр. Интернетке жаңалықты барынша жедел енгізіп, жаһанды елең еткізетін тың идеялар ұсыну арқылы өздерінің тілі мен дәстүрін ғаламдандыруға көшкен елдер де бар. Бұлардың алғы сапында Англия мен Қытай тұр. Бүгінде әлемдік интернет тұтынушылардың 500 миллионнан астамы ағылшын тілін, тағы бір 500 миллионы қытай тілін пайдаланады. Соңғы тіл интернет арқылы аясын кеңейткен үстіне кеңейтуде. Ал бізде ше? Қазақстандағы интернет кеңістікті тілдік жағынан жіліктесек, 80% орыс тілінің, 11 % ағылшын тілінің, 7,5% қазақ тілінің үлесіне тиеді», - деді Алдан Смайыл.

Бұл ретте депутат қазақ тілінің осы ахуалын ескере отырып, оның аясын ғаламтор арқылы ұдайы кеңейтуді мемлекеттік міндетке айналдыратын кез жеткенін алға тартады. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті қойып отырған талап та осы. Өйткені, Елбасы өткен жылғы Жолдауында: «Мемлекет ақпараттық технологиялар саласында транзиттік әлеуетті дамытуды ынталандыруы қажет. 2030 жылға қарай Қазақстан арқылы біз әлемдік ақпараттық ағындардың кем дегенде 2-3 пайызын өткізуге тиіспіз. 2050 жылға қарай бұл цифр екі еселенуі керек» - деп атап көрсеткен болатын.

«Міне, осы ақпарат дариясына қазақ тілі тасыған өзендей сарқырап құйылуы керек. Ол үшін елдегі ғаламтор желілері арқылы тарайтын ақпараттың кем дегенде 50 пайызы қазақ тілінде берілуіне қол жеткізуге тиіспіз. Қазақстандағы әр он адамның алтауында интернет қызметін пайдаланатын мүмкіндік бар екен. Міне, осы алтаудың басым бөлігі ғаламтордан қазақ тілінде хабар алып, хабар таратуы керек. Қолданыстағы БАҚ туралы Заң бойынша интернет ақпарат құралы болып табылатындықтан біз бұл талапты ғаламтор блогерлеріне нақты қоя аламыз», - деді А. Смайыл.

Депутат көтерген екінші мәселе - ғаламтор үшін қазақ тілінде барлық тақырыпта арнайы мақалалар әзірлеу. Оның айтуынша, бүгінде қазақ ұлтының рухани құндылықтары, кешегі-бүгінгі мемлекеттік, шығармашылық қайраткерлері, салт-дәстүрі, табиғаты туралы ақпаратқа сұраныс көп. Бұл шаруаны депутат ғылыми-шығармашылық ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс түрінде жүктеу арқылы шешуге болатынын айтады. «Бұдан бөлек, интернеттің ерекшеліктеріне қанық әрі оған қазақ тілін молынан енгізетін журналистерді даярлау мәселесі өткір тұр. «Электронды журналистика» мамандығы Алматыдағы ІТ университетінде оқытыла бастағаннан, оған қызығушылар көбейді. Біз енді «мультимедиялық» немесе «конвергентті журналистиканы», сондай-ақ «азаматтық журналистиканы» игеруге тиіспіз. Жоғарғы оқу орындарында осы мамандықтарды даярлауды ойластырайық. Асылында интернетті жаһандық ең ықпалды әрі кеңінен таралған, уақыт өткен сайын кеңістігін кеңейтіп жатқан ақпарат құралы ретінде жете бағалап, оны қазақ тілінің мерейін үстем ететін құрал ретінде пайдаланудың мемлекеттік арнайы іс-шараларын айқындау керек. Әлемде 30 жастағылардың 50 пайызы, ХХІ ғасырда туғандардың 96 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады екен. Күні ертең осы желілерді еліміздегі барлық жастар игеретін болады. Олар ғаламтор арқылы қазақ тілінде желдей ессе, ана тілі ардақталды деген сол емес пе?» - деп түйіндейді депутат А.Смайыл.