Интернет арқылы жасалған 8 қылмысқа күдікті Алматы тұрғыны ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері интернет алаяқтың сегіз эпизоды бойынша күдік тудырған Алматы қаласының 32 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, интернет алаяқтықты кәсіп еткен ер адам белгілі хабарландыру сайтын пайдаланған. Платформада қымбат көліктерге арналған қосалқы бөлшектерді төмен бағамен «ұсынған».

Петропавл қаласының полиция басқармасына интернет алаяқтық фактісі бойынша бірнеше арыз келіп түсті.

Жәбірленушілердің айтуынша, хабарландыру сайтында белгісіз ер адам өзін астаналық сатушымын деп таныстырып, шетелдік көліктің қосалқы бөлшектерін ұсынған. Қызығушылық танытқан адамдардан алдын ала төлем алған соң, байланысқа шықпай қойған. Өңір полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді, нәтижесінде Алматыға іссапар барысында 32 жастағы ер адам анықталып, ұсталды. Ол интернет алаяқтықтың 8 эпизодын жасағанын мойындады. Күдікті ақшаны басқа біреудің атына тіркелген картаға жіберткізіп отырған.

Аталған фактілер «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталған адам қамауға алынды, тергеу басталды, ер адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.

Жеті айда СҚО полицейлері 637 хабарландыруды тексеріп, оның 61-ін сайттардың әкімшісі арқылы бұғаттады. Жыл басынан облыста 300-ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркелді.