Интернет байланысы болмаған аралыққа ақы төленуі керек пе

АСТАНА. ҚазАқпарат - Beeline Қазақстанның бас атқарушы директоры Евгений Настрадин тұрғындардың байланыс сапасына қатысты шағымдарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында байланыс операторларына сапаға қатысты сұрақ қойылды. «Интернет жоғалған кезде ақы төлеу жүре бере ме? Тиісті тариф аясында толық қызмет алмаса, онда тұрғындар неге ақы төлеуі керек?» - деген сауал болды.

«Байланыстың сапасы мен тұрақтылығы операторлардың жұмысына ғана байланысты емес. Біріншіден, жабдықтар орналасқан нысандарда түрлі апаттар болады. Егер қаладағы электр энергиясы желісінде апат болса, онда қаладағы байланыс та автоматты түрде жоғалады, яғни электр қуатынсыз интернет болмайды. Егер мұндай жағдайлар болса, жауапты мердігерлер апаттың салдарын жоюға кіріседі. Қаладағы инфрақұрылымды жөндеу барысында кейде жұмысшылар оптикалық желіні байқаусызда үзіп жатады, оны жөндеуге 6 сағатқа дейін уақыт керек», - деді Е. Настрадин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осы орайда, ол байланыс операторлары интернет жоғалған кезде жүйені барынша жылдам қосуға тырысатынын айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл шілде айында Kcell/Аctiv абоненттері интернет байланысы бойынша бірнеше рет проблемаға тап болды. Желі қалпына келтірілгеннен кейін, оператор техникалық проблемаға қатысты интернетсіз қалған абонеттерге арнайы бонус берді.