Интернет-конференция: ТЖМ шағын және орта бизнестің алдында әкімшілік кедергілерді жою жұмыстарын атқаруда
16:14, 02 Маусым 2009
АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Дағдарыс кезеңінде шағын және орта бизнес өкілдерінің алдында әкімшілік кедергілерді жеңілдету – Төтенше жағдайлар министрлігінің басым міндетіне айналды.
Бұл туралы бүгін Үкімет сайтында аталмыш ведомствоның қатысуымен өткізіліп жатқан интернет-конференцияда мәлімделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ел Президенті Н.Назарбаевтың шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялауының негізінде өндірістік қауіпсіздік саласындағы тексерістер 3 есеге, өрт қауіпсіздігі саласында 22 пайызға қысқарды. Осы жағдай ТЖМ аймақтық құрылымдарына жарылыс, өрт қауіпі жоғары ірі өндірістерге жіті көңіл бөлуге септігін тигізген.Интернет-конференция барысында белгілі болғанындай, заңдық тұрғыда да бірқатар сүбелі қадамдар басталды. Атап айтсақ, шағын және орта бизнесті тексеру жұмыстарын тікелей реттейтін және регламенттейтін заңдық нормалар жасақталуда. Бизнес-климатты жақсартуға бағытталған еліміздің кейбір заңдарына қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру мәселелеріне қатысты түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Заң жобасында қауіптілігі жоғары ірі өндіріс ошақтарының басшыларын кәсіпорындарда апаттылықты төмендетуге деген мүдделіліктерін арттыру тетіктері қарастырылған.