15:21, 16 Сәуір 2009
Интернет мәселесін қамтитын заң жобасына орай қоғамдық тыңдау өткізу қажет ? С. Матаев
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Интернет мәселесін қамтитын заң жобасына орай қоғамдық тыңдау өткізу қажет.
Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты жұмыс тобының отырысы барысында Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Талқылау барысында С. Матаев жобадағы «ұлттық заңнамаға қайшы келетін ақпарат анықталған жағдайларда, осы ақпаратты жариялауды тоқтата тұру туралы шешімді прокуратура органдары қабылдайды» деген нормаға қатысты пікірін айта келе, бұндай норманы қолдану үшін негізгі жіктеулердің жоқтығын алға тартты. «Жобаны әзірлеушілер Интернет-ресурстарды БАҚ-қа жатқызып, оны кейбір мәселеде тоқтатуды да көздейді. Бірақ, бұл қалай жүзеге асатыны әлі де айқын емес», - деді С. Матаев. Оның айтуынша, аталған жоба бойынша қоғамдық тыңдау өткізген орынды. «Интернет-ресурстарға БАҚ мәртебесін беру мәселесінде бір-біріне қайшы пікірлер орын алып отыр. Сондықтан да аталған заң жобасы бойынша ЕҚЫҰ сарапшыларын тарта отырып, қоғамдық тыңдау өткізу қажет», - деді С. Матаев.