Интернет нарығындағы бәсекелестіктен қорықпау керек - Шавкат Сабиров

АЛМАТЫ. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстандық интернет  жыл өткен сайын қызықты бола түсуде. Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан i-МІХ'12 интернет конференциясында  айтылды.

«Қазақстандық интернеттің коммерциялық қызметі  өткен жылдан бастап кірісті бола бастады. Енді алдағы жылы бізде де ресейліктер сияқты интернет ресурстарының капиталдану үрдісі жүреді. Қазіргі таңда мен бір ғана нақты коммерциялық ұсынысты білемін. Онда интернет ресурстарының біріне  0,5 миллион доллардың ұсынысы жасалған», - дейді Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров. Оның айтуынша, биыл ҚР Парламентінде «Коммерциялық электронды сауда туралы» заң қабылданады. Бұл интернет нарығын дамытуға тың серпін бермек. Егер жобаға қауымдастықтың ұсынысы енгізілетін болса, Қазақстан Кеден одағы аумағында өзіндік бір интернет алаңына айналады. Қазақстан қазірдің өзінде бизнесті жүргізу жағынан Кеден одағындағы серіктерінен алда келе жатыр.  Мәселен он-лайн қызметте жеңілдік жасалатын болса, Ресейдің интернет нарығындағы  негізгі ойыншылар өз бизнесін Қазақстанда жүргізе бастайды. Бәсекелестік нарықтың дамуын айтарлықтай жеделдете түседі. Одан қорқудың қажеті жоқ.