«Интернет сапасы сын көтермейді»: 5G мәселені шеше ала ма

Интернетке күніміз қараған заманда оның сапасы мен жылдамдығы аса маңызды. Алайда елімізде интернет сапасы көңіл қуантпай отыр. Тіпті елорданың өзінде көп аумақта байланыс сапасы төмен екені жиі байқалады. Осы тұста, интернеттің сапасы мен тариф бағасының көтерілуі халықтың шамына тиген болатын. Интернет сапасына көбіне ауыл тұрғындары қанағаттанбай отыр. Былтырдан бері 5G, яғни ұялы байланыстың бесінші буыны туралы жиі сөз қозғала бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше облыс орталықтарын 5G технологиясымен қамтуды мерзімінен бұрын аяқтау туралы тапсырма берген болатын. Ел аймақтарын 2 жылда 5G интернетпен қамту мүмкін бе? Елде қанша адам интернет пайдаланады? Бұл туралы толығырақ Kazinform сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Фото: midjourney

Интернет сапасы мен тарифтер

Елімізде интернет пайдаланушылар саны жыл санап өсіп келеді. Data Reportal сайтының деректеріне сәйкес, елімізде биыл 17,73 миллион интернет пайдаланушы тіркелген. Ол дегеніміз жалпы халықтың 90,9%-ын құрайды. Былтыр бұл бұл көрсеткіш 85,9%, яғни 16,41 миллион пайдаланушы болған.

Қоғамдық саясат институты маусым айында жүргізген сауалнама бойынша қазақстандықтардың 35,4%-ы интернет сапасына, ал 29,7%-ы телефон және мобильді байланыс сапасына көңілі толмайтыны анықталған. Зерттеу нәтижесі бойынша, интернет сапасына көбіне ауыл тұрғындары қанағаттанбай отыр.

Фото: Kazinform

 

Интернет сапасына көңілі толмайтын өңірлердің көшін Алматы, Жамбыл, Ақмола, ШҚО және Ақтөбе облыстары бастап тұр. Ал интернет қолжетімді емес деп Шымкент қаласы, Абай, Қостанай, ШҚО, Маңғыстау облыстарының тұрғындары көбірек шағымданған.

Интернетке қол жеткізу мәселесінде қала және ауыл тұрғындары арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту кез келген мемлекет үшін маңызды. Әлем елдерінде 2022 жылдың қорытындысы бойынша қала тұрғындарының 82% интернетке кіре алады. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш бар болғаны 46%-ға әзер жеткен.

Speedtest Global Index-тің осы жылдың маусым айындағы рейтингі бойынша, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша бір жыл ішінде 14-орынға көтеріліп, 140 елдің ішінен 68-орынға тұрақтаған.

Фото: Kazinform

 

Қазақстандағы мобильді операторлардың ең арзан тарифтерінің бағасын саралайтын болсақ, адам басына шаққанда орташа құны айына 3 208 теңге болады немесе бұл ең төменгі жалақының 4,5%-ы (ең төменгі жалақы 70 000 тг.). Ал кабельді интернеттің орташа бағасы айына – 4 813 теңге.

Фото: Kazinform

 

Интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты қайда шағымдануға болады?

Коронавирус пандемиясы кезінде бүкіл әлем үйге тығылып, барлық жұмыс онлайн форматта өткені белгілі. Оқу жылы басталғанда білім ордалары да осындай тәсілге көшті. Жауапты мекеме басшылары еліміздің басым бөлігі интернетпен қамтылғанын айтып, талай мәрте есеп берген еді. Бірақ іс-жүзінде айтылғанның бәрі қағаз жүзінде қалып, 4G былай тұрсын, 3G жетпеген ауылдар барына куә болдық. Жыл басында Үкімет отырысында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру мәселесі қаралған-ды. Сол жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бірқатар мәлімет келтірді. Мәселен, еліміздегі 6406 елді мекеннің 4974-і, яғни 77 %-ы кеңжолақты мобильді интернетке қосылған. Үш мыңға жуығы 4G, ал екі мыңнан астамы 3G технологиясымен қамтылған.

Тамыз айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте интернет сапасы жайлы сөз қозғады. Ол өз сөзінде байланыс сапасын арттыру мақсатында министрлік халықпен кері байланыс орнатуға ашық екенін және оны беру рәсімдерін жеңілдететінін хабарлады.

«Азаматтардың Интернет сапасы мен жылдамдығына қатысты мәселелерін назарға ала отырып, «E-otinish» порталының басты бетінде «интернетке қатысты мәселелер» бөлімі пайда болды, онда әрбір азамат тиісті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органға өз өтінішін қалдыра алады»,- деп атап өтті вице-министр.

Қазақстандықтар 5G игілігін қашан көреді?

5G – бұл технологиялық дамудың жаңа деңгейі, ол азаматтардың интернетке қол жеткізу мүмкіндігін әлдеқайда арттырады. Әлемде 5G-ді алғаш болып Оңтүстік Корея енгізді. Қазір ол елде 200 мың базалық станция орнатылып, республиканың 85 қаласын қамтыған.

Қазір әлемнің мыңнан астам қаласы 5G қызметін тұтынып отыр. Statista мәліметі бойынша, байланыстың әзірге ең жоғарғы буынын пайдалану бойынша Қытай мен АҚШ көш басында. Қытайдың – 356, АҚШ-тың 296 қаласында аталған жүйе енгізіліп қойған. 5G-ді қосу жағынан бестікке Филиппин (98 қаласы), Оңтүстік Корея (85 қаласы) және Канада (84 қаласы) кіреді. Үздік ондықта Испания, Италия, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы сынды елдер бар.

Сарапшылардың айтуынша, пандемиядан кейін әлем экономикасын қалыпқа келтіруде 5G-дің үлесі үлкен болмақ. Бұл байланыс буыны экономикалық процестерді сапалы әрі жедел өткеруге әсер етіп, бүкіл әлем бойынша экономикалық өсімді ынталандыратын факторға айналмақ. Бұл орайда саладағы сарапшылардың пікіріне назар салсақ, 5G-ге әр ел әр алуан жылдамдықпен өтіп жатыр. Мысалы, 2025 жылға қарай Азия-Тынық мұхиты өңірінде 5G көрсеткіші 64%-ға жетсе, Солтүстік Америкада – 63%, Қытайда – 52%, Араб елдерінде – 49%, Еуропада 44%-ды құрайды екен. Осылайша, байланыстың бесінші буыны дамыған елдердің басты басымдығына айналмақ.

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 форумының пленарлық отырысында 5G желісі жайында cөз қозғады. Ол Қазақстан өңірлерінде 5G желісін енгізуді бұған дейін жоспарланғандай 2027 жылы емес, 2025 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, Президенттің айтуынша, Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек. Статистикалық және басқа да деректерді ретке келтіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде басқару саясатын әзірлеу, деректердің мақсатты архитектурасын анықтау мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн.

Осы тұста, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыс орталықтарын 5G технологиясымен қамтуды мерзімінен бұрын аяқтау туралы тапсырмасы қалай орындалатынын түсіндірді. Мусиннің айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін әр облыс орталығы аумағының 60%-дан астамын 5G технологиясымен қамтуға болады.

«Жоспарымызға сәйкес, биыл 700 базалық станса орнатуымыз қажет еді. Операторлар қазірдің өзінде бұл көрсеткіштен асып түсіп, жылдың соңына дейін 1 мыңнан астам базалық станса орнатады. Олар инвестиция салуға және байланыс инфрақұрылымын барынша қарқынды дамытуға дайын. Біздің мобильді операторлар жүктелген тапсырманы орындайтынына сенімдімін. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының кемінде 75%-ы және облыс орталықтарының 60%-дан астамы 2025 жылдың соңына дейін 5G желісімен қамтылады», - деп сендірді министр.

CCS Insight талдау агенттігінің есебіне сүйенсек, биыл 5G буынын қосу бүкіл әлемде ерекше қарқынмен жүргізіле бастайды.

«5G технологиясы алғашқы жылдары COVID-19 пандемиясының және соның салдарынан келген қиындықтардың көлеңкесінде қалғанымен, нарық күшті позицияда екенін байқап отырмыз. Бірақ ұялы байланыс абоненттерінің 5G желісіне көшуі анағұрлым табысты болады, ал 5G қосылымдарының саны биыл екі еседей артып, 1,2 миллиардқа жетеді деп күтілуде»,-дейді агенттіктің аға аналитигі Джеймс Мэннинг Смит.

CCS Insight болжамы бойынша, 2026 жылға қарай бүкіл әлемде 5G мобильді интернетіне қосылу саны 4 миллиардқа жетіп, әлемдегі бүкіл интернет желісінің 45 %-ын құрайды.

Егер ұялы байланыстың бесінші буыны енгізіліп, ол сәтті жұмыс істеп кетсе, бұл біз үшін үлкен белес болмақ. 5G технологиясымен жұмыс атқара алу да маңызды. Осы тұста, Президент елімізде IT мамандар санын арттыру туралы тапсырма жүктегенін білеміз. Өйткені күн санап дамып жатқан технология, сан алуан ғылыми буындардың тілін біліп, жалпы халыққа жол сілтейтін білікті маман керек. Әлем үлкен өзгерістердің табалдырығында тұр. Біз көштен қалмай, оны игеріп әкетуіміз өте маңызды деп санаймыз.