Интернет сарсаңына түскен түркістандық мұғалімдердің проблемасы шешілетін болды

Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Аққұм ауылында интернет сапасы жақсаратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, ведомство Транстелеком операторымен бірге аталған ауылдағы байланыс және интернет сапасын жақсартуды қолға алады.

«Транстелеком» АҚ Түркістан облысының Аққұм ауылында секундына 20 Мбит-ке дейін интернетпен және радиорелелік көпір технологиясы бойынша лимитсіз трафикпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізеді», - деп атап өтті Цифрлық даму министрлігінен.

Айта кетерлігі, Цифрлық даму министрлігі байланыс саласында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын әзірледі. Аталған жоба аясында Аққұм ауылын қоса алғанда 3 мыңнан астам елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісі қызметімен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шара қарастырылған.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Түркістан облысында мұғалімдердің электронды күнделік толтыру үшін дала кезіп жүрген суретіне пікір білдірген еді.

Содан кейін Kcell компаниясы да аталған ауылда интернеттің сапасыз болу себебін атаған болатын.