Ұлыбританияда туберкулездің жаңа, синтетикалық штамы өршіп тұрғанына «дәлел» ретінде пайдаланушылар Daily Mirror газетінің 2023 жылғы 5 маусымдағы бірінші бетінің суретін келтіріп отыр. Мақала тақырыбында британилық профессор вакцина жасау үшін жедел әрекет етуге шақырады. Өзге жағдайда туберкулез жұқтыру саны COVID-19 көрсеткіштерінен асып түспек. Газеттің бұл мұқабасы расымен де бар және оны интернеттен табуға болады.
«Мақаланы толық Daily Mirror сайтынан оқуға болады. Ол 2023 жылдың 4 маусымында, яғни басылымның баспа нұсқасы шыққаннан бір күн бұрын жарияланған.
Мақалада Еуропаның басқа елдерімен салыстырғанда Ұлыбританияда адамдар туберкулезбен жиі ауыратыны туралы жазылған. Жыл сайын елде 100 000 тұрғынға шаққанда 7,8 ауру жұқтыру жағдайы тіркеледі. Бұл ретте науқастардың үштен бірі туберкулездің кейбір түрлері дәрі-дәрмекке төзімді бола түскендіктен көз жұмып отыр.
Туберкулезден қорғайтын БЦЖ вакцинасын егу Ұлыбританияда 2005 жылдан бері міндетті емес. Сондай-ақ мақалада БЦЖ ауру жұқтырудан толық қорғай алмайтындығы атап өтілген.
Сәби кезінде вакцина алған балаларда иммунитет тек жасөспірім кезге дейін сақталады, содан кейін вакцинаны қайта алу керек.
Мақала кейіпкері, Кейптаунда туберкулезді зерттеумен айналысатын профессор Роберт Уилкинсон әлемді, соның ішінде Ұлыбританияны аурудан қорғаудың жалғыз жолы – өмір бойы иммунитетті қамтамасыз ететін вакцина әзірлеу және оны міндетті ету деп санайды.
Алайда, мақалада Ұлыбританияда қолдан жасалған және елге әдейі сырттан әкелінген туберкулездің жаңа штамы анықталғаны туралы жазылмаған.
Демек, таралған ақпарат – фейк», - деп қорытындылайды stopfake.kz.