Интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады – Президент

Фото: Ақорда

АСТАНА.KAZINFORM - Президент Бас прокуратурада жиынында азаматтардың дербес деректерін қорғау қажет екенін айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

- Ақпараттық кеңістікте азаматтардың дербес деректері жарияланып кеткені туралы хабар жиі шығып жатады. Дербес деректерді барынша қорғау үшін бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу керек, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет екенін атап өтті.

- Әлемде киберқылмыс өршіп барады. Жыл сайын мыңдаған азаматымыз соның құрбаны болып жатыр. Қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Цифрлық қатерге төтеп беру үшін құқық қорғау органдары бір қадам алда жүруге тиіс. Озық ойлап, артта қалмаудың амалын табу қажет, - деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізде ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын және алдымызда Конституциялық реформа жүргізу, мүлде жаңа саяси жүйеге қадам басу міндеті тұрғанын айтты.