Интернеттегі балалар қауіпсіздігі: Әр 11-ші қыз бейтаныс адаммен кездесуге барған
АСТАНА. KAZINFORM – Интернет кеңістігіндегі балалардың қауіпсіздігі көңіл көншітпейді. Зерттеу нәтижесінде елімізде балалар өзі жайлы мәліметтер мен фотоларын бейтаныс адамға жіберу деректері анықталды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова айтты.
— Өткен жылы біз ЮНИСЕФ қорымен бірлесе «Kazakhstan Kids Online. Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі» тақырыбында 1200 баланың қатысуымен әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Оның нәтижесі балаларға интернет кеңістігіндегі қауіп тәуекелдерінің деңгейі жоғары екенін көрсетті. Мәселен, әр 10-ыншы бала бейтаныс адамға өзінің фотосын жолдаған. Әр 11-інші қыз бейтаныс адаммен кездесуге барған. Бұл әр педагог, әр ата-ана баласымен өте жоғары сенімге негізделген қарым-қатынаста болуы маңызды екенін көрсетеді. Ондай қарым-қатынас тек мейірім мен махаббат болған отбасында ғана болады, - деді ол ОКҚ алаңында.
Комитет төрағасының айтуынша, жасөспірімдер әсіресе 15-17 жаста өз басында болып жатқан оқиғаларды айтуға жүрексінеді.
Айта кетсек, соңғы бес жылда 18-ге толмаған 12 мыңдай қыз жүкті болған.