Интернеттегі буллингтің алдында ата-ана да, ұстаз да дәрменсіз – психолог

Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Кибербуллингтің салдары адам психикасына ғана емес, денсаулығына кері әсер етеді. Осы орайда интернеттегі буллинг туралы отбасылық психолог, психотерапевт Серікгүл Сәлимен тілдескен едік.

- Кибербуллингтің шекарасы жоқ және ол психологиялық тұрғыдан үздіксіз әсер етеді. Қазір ең қауіпті – кибербуллинг. Осының кесірінен өз-өзіне қол жұмсап жатады немесе созылмалы ауруларға шалдығып қалуы мүмкін, психологиялық ауытқулардың немесе жаман әдетті қалыптастыруы мүмкін, өте қауіпті нәрсе. Буллингке тап болған бала көмек сұрайды, ата-анасына айтады, жақын, сенетін біреуге айтады, бірақ интернеттегі буллингтің алдында ата-ана да, ұстаздар да дәрменсіз. Әрбір мектеп интернеттегі буллингтің алдында әлсіздік танытады, сондықтан баланың интернеттегі аккаунтарын жауып тастайды, ол да балаға кері әсерін тигізеді, бала алыс-жақын достарын жоғалтады, естелік сәттерін бөлісіп отыратын, алуға тиіс эмоцияларын жоғалтады. Дегенмен осы тәсілді көбірек қолданып жатады, - деді Серікгүл Сәли сұхбат барысында.

Маманның айтуынша, әлеуметтік желідегі буллингке шыдамай өз-өзіне қол жұмсау мәселесі ересектер арасында да бар.

- Қысымды ересектер көтере алмай жатқан кезде, балалар оны қайдан көтереді, - деп толықтырды психолог.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды кибербуллингтен қорғайтын заңнамалық механизмдер енгізілгенін атқан еді.