Интернетті БАҚ заңы аясында қарастырудың ешқандай кемшілігі жоқ

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Интернетті БАҚ заңы аясында қарастырудың ешқандай кемшілігі жоқ. Бүгін Парламент Мәжілісінің «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Уәлихан Қалижан

осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Кез-келген мемлекет өзінің ұлттық қаупсіздік мәселесінде БАҚ-ты атайды. Өйткені БАҚ қоғамдық ойды ғана емес, сананы да қалыптастырады. Журналистік ұйымдар, қоғамдық қозғалыстар, оппозициялық саяси партиялардың басшылары осы заң жобасын БАҚ-қа төнген қауіп деп атап үлгерді. Шынымен осы заң жобасы қабылданғанда БАҚ-қа қауіп төне ме?! Мәселенің мәні «Бас прокурор ұлттық заңнамаға қайшы келген жағдайда ақпаратты тоқтата тұруға құқылы» делінген, бірақ түпкілікті шешімді сот қарайды. Сонда БАҚ-қа қандай қауіп бар? Бас прокурор кез-келген сыни мақаланы немесе ақпарат үшін емес, ұлттық заңнамаға, Конституцияға қайшы болған жағдайда ғана осы шараға баруы мүмкін», - деп түсіндірді депутат. Оның айтуынша, осының өзі құқықтық мемлекеттің талаптарына жатады. Сондай-ақ «веб-сайттарды» «интернет ? ресурспен» алмастыру белгілі топтың көңілінен шықпағанын айта келе депутат, «егер интернет модераторлары ұлттық заңға қайшы келетін материалдарды алып тастап отырса, қандай қауіп туады», - деген пікірін жеткізді. «Интернет ресурс БАҚ-қа жата ма, жатпай ма деген мәселе терең пікір алмасуға ұласты. Жалпы, интернеттің өзі ақпарат таратудың ең оңтайлы жолына айналғаны рас емес пе?! Заң жобасында интернет модераторының жеке адамдардың хаттарын, телефон арқылы сөйлескен сөздерін, пошта, жеделхат және өзге де хабарлар құпиялылығын жариялауға ешқандай қақысы жоқ екендігі айтылады. Бұл заңмен қорғалады», - деді У. Қалижан.