Интернетті реттеудің құқықтық негіздерін жасау қажет - конференция

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/- Сарапшылардың мәліметтеріне қарағанда, интернеттегі 50 мыңнан астам сайт зорлық-зомбылықты насихаттайды. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Шолу конференциясында Қызылорда қаласының әлеуметтік зерттеулер орталығының өкілі Элеонора Ковалева мәлім етті.

Оның пікірінше, интернетте цензураның болғаны дұрыс. Өйткені осы интернет арқылы азаматтар көптеген түрлі кемсітушіліктердің куәсі болып отыр.

«Ғаламторда әдетте адамдарды нәсілдік кемсітушілікке шақыратын небір материалдарды кезіктіруге болады. Сондай-ақ біз ондағы ұлттық белгілеріне қарай алалау әрекеттеріне де немқұрайды қарай алмаймыз. Сарапшылар соңғы уақытта интернет арқылы жасалатын қылмыстардың көбеюін жиі айтып жүр. Бұл мәселелердің барлығы маусым айында елордада өткен конференцияда талқыланған болатын. Ең бастысы, оған қатысушылар интернетте белгілі бір деңгейде цензураның болғаны дұрыс деген пікірмен де келісті. Бірақ олар цензураның мемлекеттің өзіне жағымсыз сайттармен күресіне бағытталған «қолшоқпарға» айналып кетпеуі тиістігін атап көрсетті. Интернеттегі цензураға қатысты екі тараптың пікірінің тоғысқан тұсында біз ғаламтордың қызметін реттеудің құқықтық тетіктерін қалыптастыруымыз қажет», - деді орталық өкілі.