Қытай мен Ресейдің шекарасына тиіп жатқан аталмыш ауданның ең түкпіріндегі «Аршаты ауылынан анаконда табылды» деген мәлімет алдымен «WhatsАрp» арқылы тарады. Көп ұзамай барлық әлеуметтік желіде талқылана бастады. Барыс-келісі күрделі, ұялы байланысы әлсіз елді мекен Бұқтырма су қоймасының жағасында жатыр. Алып жылан осы Бұқтырманың мұзына кептеліп қалған-мыс.
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жануарлар әлемі бөлімінің басшысы Азамат Мүбәраков Бұқтырманың ағысы қатты болғандықтан, онда су жыландары кездеспейтінін айтады.
«Бізде алып жыландар мүлде кездеспейді. Ең көп тарағандарының тұрқы 35-40 сантиметр келеді. Ең ұзындары 80 сантиметрге жетеді. Суреттегі жылан Белқарағай, Шыңғыстай, Аршаты ауылдарынан табылыпты деген хабар желдей ескенімен, оған сенген ешкім жоқ. Мүлде қисынға келмейді» - дейді жануартанушы маман.
Көзі қарақты интернет пайдаланушылар суреттегі табиғат көрінісі де Катонқарағай ауданының табиғатына мүлдем ұқсамайтынын аңғаруда.
Фото әлеуметтік желілерден алынды