Интерпол қазақстандық қызды Камбоджадағы еңбек құлдығынан құтқарып қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Интерполы Камбоджаға жұмысқа орналасу мақсатында барған қазақстандық азаматты еңбек құлдығына түсу қаупінен құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстандық қыз Камбоджа Корольдігіне қонақүй әкімшісі қызметіне жұмысқа тұру үшін ұшып барған. Алайда барған соң жұмыс ұсынысының жалған екені анықталып, ол еңбек құлдығына тартылу қаупіне тап болған.
Оқиғаға жедел ден қойған ІІМ Интерполы Камбоджадағы Интерполдың Ұлттық орталық бюросына және Интерполдың адам саудасына қарсы күрес тобына ресми сұраныстар жолдады. Шетелдік әріптестермен үйлесімді әрекет нәтижесінде азаматша дер кезінде құтқарылып, аман-есен Қазақстанға қайтарылды.
Қазіргі уақытта қызды шетелге жұмысқа орналастыру сылтауымен заңсыз еңбекке тартпақ болған адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатын болады.
ІІМ мәліметінше, бұл оқиға адам саудасына қарсы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін көрсетеді. Бұған дейін Қазақстан Ішкі істер министрі Ержан Саденов Интерполдың Францияның Лион қаласындағы штаб-пәтеріне жұмыс сапарымен барып, халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша келіссөздер жүргізген еді. Сондай-ақ Қазақстан Интерполдың адам саудасына қарсы «Либертерра II» операциясына қосылып, Лаоста еркінен тыс ұсталған тағы бір қазақстандық қызды құтқарды.
ІІМ шетелдегі «тартымды» жұмыс ұсыныстарынан сақ болуға шақырады. Азаматтарға жұмыс беруші туралы ақпаратты ресми көздерден тексеріп, сақ болу қажеттігін ескертеді.