Интерпол LRT ісі бойынша күдіктінің қайда жасырынғанын анықтады

Фото: Фото: alrt.kz/strategy2050.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Интерпол LRT құрылыс ұрлығы ісі бойынша күдіктілердің бірінің орналасқан жерін анықтады. Халықаралық детективтер жанжалды LRT ісі бойынша күдіктілердің бірінің орналасқан жерін анықтады. Бұл туралы КТК жазды.

Кеше елорда прокуратурасы нақты кімді анықтағанын нақтыламады.

— Интерполдың мәліметі бойынша, қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың бірі Батыс елдердің бірінде анықталды. Жалпы, экстрадицияға қатысты да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр, — деп Айжан Аймағанова Instagram желісіндегі парақшасында таратты.

Айжан Аймағанова — Қуандық Бишімбаевтың ісін жүргізіп, оның Салтанат Нүкенованың өліміне қатысы барын сотта дәлелдеген прокурор.

Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы жер үсті метросының құрылысы кезіндегі ұрлық фактілері бойынша тергеу бес жыл бұрын аяқталған болатын. Осы уақыт ішінде іс бойынша басты айыпталушылар — Astana LRT бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен Астана әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков халықаралық іздеуде болды. Олардың қайсысы табылғаны нақты анық емес.