«Интервидение» халықаралық ән байқауына 21 ел қатысады

Фото: unsplash

АСТАНА. KAZINFORM — «Интервидение-2025» халықаралық ән байқауының финалы 20 қыркүйекте Мәскеудегі Live Арена сахнасында өтеді. Бұл туралы байқау ұйымдастырушыларының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Kazinform агенттігінің тілшісі.

Оқиғаға БРИКС, ТМД, Латын Америкасы, Азия, Африка аймақтарынан және АҚШ-тан барлығы 21 елдің орындаушылары қатысады.

Қатысушылардың жаңартылған тізіміне Кения, Мадагаскар және Эфиопия қосылды. Ал алдын ала қатысатыны хабарланған Әзербайжан мен Біріккен Араб Әмірліктері ішкі себептер мен дайындыққа уақыттың жетіспеуіне байланысты байқаудан бас тартты.

Қатысатын елдердің қатарында Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Мысыр, Үндістан, Қазақстан, Қатар, Қытай, Кения, Колумбия, Куба, Қырғызстан, Мадагаскар, Ресей, Сауд Арабиясы, Сербия, АҚШ, Тәжікстан, Эфиопия, Өзбекстан және Оңтүстік Африка Республикасы бар.

— БРИКС, ТМД, Латын Америкасы, Азия және Африкадан және АҚШ-тан 20-дан астам елдің қатысушылары музыка арқылы бірігіп, әлемнің мәдени байлығы мен әртүрлілігін көрсетеді, — деді Ресей Президентінің қоғамдық жобалар басқармасының басшысының орынбасары Александр Журавский.

Ол «Интервидение» мәдени және қоғамдық мәнге ие екенін, халықаралық диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға арналған алаң болатынын атап өтті.

Байқау қатысушыларының өнер көрсету реті «Россия» ұлттық орталығында өтетін жеребе тарту арқылы анықталады. Сондай-ақ байқауда 25-тен астам елдің журналистері қатысатыны айтылды.

Бұған дейін «Евровидение-2026» байқауы қайда өтетіні нақтыланды.