Инватакси қызметі Астана мен Алматыда қаншалықты сұранысқа ие

АСТАНА. KAZINFORM — Астана мен Алматыда инватакси 251 мыңнан астам сапарға қызмет көрсетті, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Алматы әкімдігі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастырып келеді. Соның бір бағыты — инватакси қызметін дамыту.

Бұл қызмет мүгедектігі бар адамдарға қала ішінде еркін әрі ыңғайлы жүруге мүмкіндік береді. Арнайы көлікпен жұмысқа, оқуға, медициналық және оңалту орталықтарына баруға болады. Осылайша азаматтардың күнделікті өмірге белсенді араласуына жағдай жасалады.

— Қазір инватакси қызметін пайдалану да жеңілдей түсті. Көлікке тапсырыс беру кезінде ұзақ күтудің және артық құжат рәсімдеудің қажеті жоқ. Қызмет көрсету жүйесіне заманауи цифрлық шешімдер енгізіліп, танымал такси сервистерімен ықпалдастық жолға қойылған. Биыл 1 қаңтар мен 31 шілде аралығында Астана мен Алматыда инватакси 251 мыңнан астам сапарға қызмет көрсетті, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Астанада бұл қызметті күнделікті пайдаланатындар көп. Олар инватаксимен жұмысқа, білім алуға, медициналық және оңалту орталықтарына барып жүр.

Жеті айдың ішінде елордада 934 адам инватакси қызметін пайдаланып, жалпы 211 916 сапар жасаған. Ал 2026 жылдың шілде айының өзінде ерекше қажеттілігі бар 735 елорда тұрғыны 25 282 рет инватакси қызметіне жүгінген.

Алматыда да қызметті пайдаланушылардың саны жоғары. Жыл басынан бері 1 512 адам 39 802 сапар жасаған. Шілде айында 838 алматылық 5 166 рет инватакси қызметін пайдаланған.

Инватакси қызметінің дамуы мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті жерге уақытында жетуге, күнделікті шаруаларын өз бетінше атқаруға және қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беріп отыр.

Еңбек министрлігі алдағы уақытта да әлеуметтік қолдау шараларын цифрландыру және мүгедектігі бар адамдарға қажетті қызметтерді қолжетімді ету бағытындағы жұмысты жалғастыра береді. 

Осыған дейін инватакси мен шипажай қызметтерінің шығынын өтеу тәртібі өзгергенін жазғанбыз.