Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында айтты.
«Аталған жаңашылдық аясында инватакси қызметін көрсетушілер арасында бәсекелестік нормаларын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Яғни, аталған қызмет түрін көрсетушілердің бәріне бірдей мүмкіндік қарастырылмақ», - деп жазылған министрлік жауабында.
Қазіргі таңда инватакси қызметі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Былтыр республика көлемінде 2,2 млрд теңгенің қызметі көрсетілсе, биыл бұл сома 2,4 млрд теңге болуға тиіс.
Министрлік мәліметі бойынша, Қазақстанда 122 инватакси қызметін көрсететін ұйым бар. Заң бойынша такс и қызметін көрсетуші ұйымның балансындағы әр 10 машинаның бірі мүгедектігі бар адамдар тасымалдауға арналған болуы керек. Инватакси қызметін пайдаланушы адамның жанында жәрдемші бір адам болса, ол да ақысыз қатынауға құқылы.
Мүгедектігі бар қазақстандықтар әлеуметтік желіде өздері тұтынатын бүкіл қызметтердің жеңілдік картасын енгізуді ұсынып жүр. Айтуларынша, мүгедектігі бар адамдарға көрсетілген такси қызметін субсидиялау тұтынушылар үшін тым күрделі процесс.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер инватакси қызметін әлеуметтік қызметтердің электронды порталына өткізу тетіктері мүдделі органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар мен мүгедектігі бар азаматтардың қатысуымен әзірленетінін айтып отыр.